Президент: Басты мәселе - қаланы абаттандыру
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңес отырысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Тағы бір маңызды мәселе – көлік тұрағы жоқ үйлердің көптеп салынуы. Қазір жұрт балаларын сыртқа шығарудан қорқады. Өйткені ауланың бәрі автокөлікке толып тұр.
Бұдан былай көлік тұрағы болмаса, бір де бір үй салынбауы керек. Жалпы, ашық алаңда орналасқан автотұрақтар ақылы болуы керек. Әйтпесе, осындай келеңсіз жағдайлар жалғаса береді. Үкіметке нақты шешім қабылдауды тапсырамын. Сондай-ақ Министрліктер үйінің маңында автотұрақ тапшы. Жұрт көлігін қайда қоярын білмей әуре-сарсаңға түседі. Тіпті, көліктерін жақын жердегі үйлердің ауласына қоюға мәжбүр болады. Бұл тұрғындарға үлкен қолайсыздық тудыратыны түсінікті.
Бас прокуратура және Жусан банкі ғимаратының ортасында бос жер бар. Жоғарғы Сот ғимаратының артындағы алаң да бос жатыр. Әкімдікке осы екі жердің біріне көп қабатты жабық паркинг және жаяу адам өтетін көпір салу мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырамын,- деді Президент.
Ол келесі мәселе – қаланы абаттандыру. Бұл жерде ұсақ-түйек деген мәселе болмауы керек екенін, бәрі – маңызды екенін айтты.
Өкінішке қарай, қаланың көркі қашып барады. Жолдардың жиегі тегіс емес, кейбір көшелер тас қараңғы. Көше бойынан қоқыс салатын жәшік те табылмай жатады. Қыстыгүні қала ішіндегі қар уақтылы сыртқа шығарылмайтын кездер де болады. Қар жауып, боран соқса, тұрғындар қарға малтығып жатады.
Жақында Астана көшелері бірнеше күн бойы кәдімгі мұз айдынға айналды. Абаттандыру жұмысына соңғы 3 жылда 45 миллиард теңге бөлінді. Сондай-ақ қаладағы үйлердің ауласы түгел бір қалыппен емес, өз ерекшелігімен салынғаны жөн. Урбанистика саласының мамандарымен, сәулетшілермен, тұрғындармен бірлесіп, тың, жаңа тәсілдерді қолдану қажет. Мысалы, ашық байқау жариялап, озық жобаларды таңдап алуға болады. Қаланың келбетін әр әкімнің талғамы бойынша өзгерте беруге болмайды. Нақты бекітілген жоспармен жүйелі түрде жұмыс жүргізу керек,- деді Президент.