22 Қазан 2026, 11:29 Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Президент бастамасынан БҰҰ шешіміне дейін: Қазақстанда волонтерлік қозғалыс қарқынды дамып келеді

Қазақстанда волонтерлік қозғалыс жүйелі түрде дамып, мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының біріне айналды. Бүгінде волонтерлер қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге және тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге үлес қосып келеді.

Қозғалыстың дамуына Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2020 жылдың Волонтер жылы деп жариялануы айрықша серпін берді. Осы кезеңнен бастап жекелеген бастамаларды қолдау ауқымы кеңейіп, волонтерлікті дамытуға қажетті инфрақұрылым қалыптаса бастады.

Волонтерлік қозғалыстың дамуы

2020 жылмен салыстырғанда:
▪️ Волонтерлік ұйымдардың саны 3,5 еседен астам өсіп, 224-тен 810-ға жетті.
▪️ Белсенді волонтерлер саны алты есе артып, 300 мың адамнан асты.
▪️ Бастамашыл топтардың саны он есе көбейіп, 3,5 мыңды құрады.
▪️ 2025 жылы күміс волонтерлер саны 6 мыңға жетті. Бұл 2020 жылғы көрсеткіштен сегіз есе көп.

2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында түрлі жобалар мен бастамаларға 200 мыңнан астам волонтер қатысты.

Қазақстан бастамасы халықаралық деңгейде қолдау тапты

2020 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясында Халықаралық волонтерлер жылын жариялауды ұсынды.

Қазақстан өзге мемлекеттермен бірлесіп ұсынған қарар 2023 жылғы желтоқсанда қабылданып, БҰҰ Бас Ассамблеясы 2026 жылды Тұрақты даму мақсатындағы Халықаралық волонтерлер жылы деп жариялады.

Бұл шешім волонтерліктің әлеуметтік, гуманитарлық және экологиялық мәселелерді шешудегі маңызын халықаралық деңгейде мойындауға мүмкіндік берді.

Волонтерлік қызметті Қазақстанның жаңа Конституциясында бекіту де маңызды қадам болды. Бұл азаматтардың ерікті қызметке қатысуын қолдаудың құқықтық негіздерін нығайтады.

Халықаралық ынтымақтастық

2026 жылғы 20–21 тамызда Астанада Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы волонтерлерінің I форумы өтті. Қазақстан Президентінің бастамасымен және ТМД Үкімет басшылары кеңесінің шешімімен құрылған форум Достастық елдерінің волонтерлерін біріктіріп, тәжірибе алмасуға арналған жыл сайынғы алаңға айналуды көздейді.

Форумға Қазақстан, Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстаннан мемлекеттік органдардың, волонтерлік ұйымдар мен қауымдастықтардың 300-ге жуық өкілі қатысты.

Экологиялық волонтерлік

Табиғатты қорғау және экожүйелерді сақтау бағытындағы халықаралық бастамалар да жалғасуда.

Ақтауда Каспий экожүйесін сақтауға арналған Caspian Sea Action Week 2026 халықаралық іс-қимыл апталығы өтті. Оған Каспий маңы елдерінің өкілдері, БҰҰ Волонтерлер бағдарламасының делегациясы, Каспий теңізі жөніндегі Тегеран конвенциясының өкілдері, халықаралық экологиялық ұйымдар мен Қазақстан өңірлерінің волонтерлері қатысты.

19-20 маусымда Балқашта Халықаралық волонтерлер форумы ұйымдастырылып, оған Қазақстан, Әзербайжан, Үндістан, Қырғызстан, Түрікменстан, Түркия және Өзбекстан өкілдері қатысты.

Ал Қызылорда облысында өтіп жатқан «GREEN ARAL: VOLUNTEERS FOR LIFE 2026» халықаралық волонтерлер апталығы Арал өңірінің табиғатын сақтауға және экожүйесін қорғауға бағытталған. Іс-шара Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстанның он өңірінен келген 100 волонтерді біріктірді.