Қазақстан президентінің бастамасы Парижде талқыланды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Франциядағы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының штаб-пәтерінде ЭЫДҰ Мемлекеттік басқару комитетінің 60-шы отырысы өтті.
Отырыс бағдарламасында дарынды жастарды мемлекеттік қызметке тарту мәселелері қаралды.
ЭЫДҰ-ға қатысушы елдер тез өзгеретін саяси бағдарламаларға жедел ден қою қажеттілігіне байланысты, қазіргі уақытта мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптардың қарқынды артуын атап өтті. Заманауи мемлекеттік аппарат халықтың қажеттіліктері мен үміттеріне сәйкес қоғамдағы болжанбайтын оқиғалар мен өзгерістерге икемді жауап беруі керек.
Осыған байланысты ЭЫДҰ Мемлекеттік басқару комитетінің мемлекеттік қызметінің көшбасшылығы мен әлеуеті жөніндегі кеңесі өзінің серіктестеріне қоғамға пайда әкелетін дағдылар мен құзыреттіліктерді тұрақты анықтау арқылы мемлекеттік қызметтің әлеуетін дамытуды белсенді түрде инвестициялауды ұсынады. Сондай-ақ, оларға әділ және тең қарым-қатынасты қамтамасыз ету үшін ашықтығы мен сіңірген еңбегіне негізделген рәсімдер негізінде кандидаттарды іріктеу және қызметі бойынша ілгерілету қажеттілігі атап өтілді, бұл жаңа дарынды қызметкерлерден барынша қайтарымды алуға мүмкіндік береді.
Осы бағыт бойынша Ұлыбританияның кадр стратегиясы жөніндегі директоры Саймон Клейдон, Австралияның Мемлекеттік қызмет комиссары Питер Вулкот, Volcker Alliance АҚШ атқарушы вице-президенті Сара Мугельску және Францияның Profile Public негізін қалаушы Сигрид Баргер өз тәжірибелерімен бөлісті.
Секциялық отырыста ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өкілі Жандос Сәрсен Президенттік жастар кадр резервін қалыптастыру бойынша тәжірибесімен бөлісті.
Спикер отырысқа қатысушыларға Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу критерийлері, ерекшелігі мен кезеңдері, SHL компаниясының әдістемесі бойынша тестілеуді қолдану және қатысушылардың құзыреттілігін бағалау әдісі туралы әңгімеледі.
Ж. Сәрсен атап өткендей, мұндай жобаны жүзеге асыру дарынды жастарға мемлекеттік және қоғамдық даму игілігі үшін өздерінің кәсіби жоспарларын іске асыруда әлеуметтік лифт ретінде осы мүмкіндікті пайдалануға мүмкіндік береді.
Бұған дейін Президенттік жастар кадр резерві Сингапурда Азия-Тынық мұхит аймағының 9 елінің қатысуымен өткен бағдарлама барысында таныстырылды.
Париждегі отырыста ЭЫДҰ Бас хатшысының орынбасары Джефри Шлангенхауф мырза Мемлекеттік басқару директоратының негізгі жарияланымы болып табылатын "2019 жылғы мемлекеттік басқаруға шолу" атты (Government at a Glance 2019) зерттеу нәтижелерін ұсынды.
Зерттеулер адамға бағдарланған мемлекеттік қызметтерге арналған, ЭЫДҰ-ға қатысушы елдердегі басқару тәжірибесін бағалау үшін халықаралық деңгейде салыстырмалы көрсеткіштердің кең спектрін қамтиды.