Президент бастамасы өзара түсіністікті нығайтудың тиімді құралы бола алады – Аида Балаева

Астанада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезі ашылды. Форумға әлемнің 60 елінен дін көшбасшылары, халықаралық ұйым өкілдері мен сарапшылар қатысуда, деп хабарлайды BAQ.KZ Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.

Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева съез аясында Дүниежүзілік ислам лигасы, ICESKO, ЕҚЫҰ және Иран Президенті жанындағы Мәдениет және ислам байланыстары ұйымының жетекшілерімен бірқатар кездесулер өткізді.

Дүниежүзілік ислам лигасының Бас хатшысы шейх Мұхаммед бен Абдулкарим Әл-Исамен келіссөзде конфессияаралық диалог пен бейбітшілік жолындағы әріптестік мәселелері талқыланды. Министр Лиганың қызметін жоғары бағалап, сәуірде Сауд Арабиясында өткен «Дін лидерлері әділетті әрі қауіпсіз әлем үшін» дөңгелек үстелінің нәтижесін атап өтті.

Дүниежүзілік ислам лигасы мен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің хатшылығы бірлесіп ұйымдастырған мұндай іс-шара қазіргі жаһандық сын-қатерлер жағдайында халықтар мен діндер арасындағы байланыстарды нығайтуда маңызды қадам болды. Сындарлы диалог әрі қарай жалғасып, ортақ құндылықтарды насихаттауға бірге үлес қосамыз деп үміттенеміз, – деді Аида Балаева.

ICESKO Бас директоры Сәлім әл-Мәлікпен кездесуде Аида Балаева қазақтың дәстүрлі ою-өрнегін Ислам әлемі мұрасының тізіміне енгізу туралы бастама көтерді.

Иран делегациясымен әңгімеде тараптар мәдени ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделілік білдірді. ЕҚЫҰ Жоғарғы комиссары Кристоф Камппен кездесуде этносаралық келісім мен ұлттық азшылықтардың құқықтарын қорғау мәселелері қозғалды.

Аида Балаеваның айтуынша, Қазақстан этносаралық және конфессияаралық татулықты дамытуға басымдық береді. Ол Мемлекет басшысының 2023-2033 жылдарға арналған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезін дамыту тұжырымдамасын әзірлеу бастамасы сенім мен өзара түсіністікті нығайтудың тиімді құралы болатынын атап өтті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы