Президент бастамаларын іске асыруға бар күш-жігерімізді жұмсауымыз қажет – Әшімбаев
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы Жолдауындағы басым бағыттар аясында атқарылатын жұмыстарды түсіндіріп өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты 9 стратегиялық бағытты айқындап берді. Бұл бағыттарды іске асыру аясында «бюджеттік және әлеуметтік прагматизм» қағидатына ерекше көңіл бөлініп отыр. Сондай-ақ, инфрақұрылымның негізгі рөлі, цифрландыру сияқты қағидаттарға да басымдық берілді. Кәсіпкерлер үшін тиімді шарттарды сақтай отырып, салық режимдерін оңтайландыру жұмыстары жүргізіледі. Банк секторын экономикаға көбірек инвестиция салу үшін ынталандыру шаралары да қабылданады, - деді ол.
Әшімбаевтың айтуынша, Үкімет жанындағы Инвестициялық штабтың рөлі артып, ел экономикасына инвестиция тартуға және отандық өнеркәсіпті қолдауға бағытталған қосымша шаралар қабылданады. Орта бизнес жаңа жеңілдіктер мен артықшылықтарға ие болады. Сол арқылы 2029 жылға қарай орта бизнестің экономикадағы үлесін 15 пайызға дейін жеткізу үшін қолайлы жағдай жасалады.
Жолдауда жүктелген міндеттер мен мақсаттарды іске асыру үшін тиісті заңнамалық актілер әзірленіп, қабылданады. Палата олардың уақтылы қаралуын және мақұлдануын қамтамасыз етеді. Бұл жұмыстарды біз Мәжіліс пен Үкіметтегі әріптестерімізбен және сарапшылармен бірлесіп жүргіземіз. Азаматтарымыздың өмір сүру деңгейін одан әрі арттыруға және Қазақстанның орнықты дамуына арналған Президентіміздің барлық бастамасын сессия барысында бірлесіп іске асыруға бар күш-жігерімізді жұмсауымыз қажет. Осы бағыттағы жұмыстарымыз нәтижелі әрі сәтті болады деп сенемін, - деді Әшімбаев.