Президент бастамалары өңірлерде ҮЕҰ-ның қарқынды өсуіне ықпал етті - министр
Мемлекет басшысының бастамалары Қазақстан өңірлерінде ҮЕҰ санының артуына ықпал етуде, деп хабарлайды BAQ.KZ.
«Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін – азаматтық қоғам дамуының басты бағыты» XI Азаматтық форумының делегаттары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамалары азаматтық қоғамның тиімді дамуына ықпал еткенін айтты.
Бүгін Азаматтық форум аясында пленарлық отырыс өтті. Оған Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Қазақстандағы БҰҰ Даму Бағдарламасының Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа, ҮЕҰ көшбасшылары, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың, бизнес-қоғамдастық өкілдері, еліміздің барлық өңірлерінен келген азаматтық қоғам белсенділері қатысты.
«Мемлекет басшысы ауыл-аймақтарды дамытуға көп көңіл бөледі. «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023 – 2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлыққа инаугурациядан кейін бірінші болып қол қойылған болатын.
Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауында Президент ауылды дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды екенін атап өтті. Бұл жерде үкіметтік емес сектор да өз үлесін қоса алады, және қосып та жүр. Жалпы, Қазақстанда жұмыс істейтін 18 мыңнан астам ҮЕҰ-ның 5 мыңнан астамы өңірлерде белсенді түрде жұмыс істейді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамалары өңірлерде ҮЕҰ-ның қарқынды өсуіне ықпал ететінін көріп отырмыз, - деп атап өтті Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.
Форум делегаттары, іс-шараға еліміздің барлық өңірлерінен келген азаматтық белсенділер Мемлекет басшысының бастамалары, оның ішінде «Азаматтық қоғамды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы», «Қоғамдық бақылау туралы» заңды әзірлеу, онлайн-петициялардың бірыңғай заңды институтын құру бойынша заңнамалық түзетулер енгізу, қоғамдық кеңестер туралы заңнамаға өзгерістер енгізу туралы айтты. Сондай-ақ, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және ҮЕҰ гранттық қаржыландыру туралы бірлестіктердің тиімді жұмысы жөнінде де сөз болды.
16 жылдан бері ауыл халқының өмір сүру деңгейін арттыру бойынша белсенді жұмыс істеп келе жатқан «Еңбекшіқазақ ауданының жергілікті қоғамдастықтар қорының» жұмыс нәтижелері таң қалдырады. Қордың 70-тен астам жобаны іске асыруының арқасында ауданның дамуына 1 миллиард теңгеден астам инвестиция салынған. Қор Шелек ауылындағы «Агробизнес орталығы» сияқты білім беру жобаларына ерекше көңіл бөледі, оның негізінде 5 мыңнан астам адам арнайы оқудан өткен. Қордың жанынан құрылған «Шелек фермерлері» өндірістік кооперативі жобаға 400-ден астам адамды тарта отырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін табысты өткізіп жатыр.
Қор басшысы Бақытгүл Елшібаева барлық қоғамдық ұйымдардың ел басшылығы бастаған ауқымды экономикалық реформаларға белсене қатысуға дайын екендігіне сендірді.