Президент: Бағындыратын белестеріміз – алда
Әлі де ауқымды жұмыс атқаруымыз керек, бағындыратын белестеріміз – алда. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Билік пен қоғамның диалогын нығайту үшін ата дәстүрімен Ұлттық құрылтай шақырылды. Оның жұмысына түрлі сала өкілдері белсене қатысты. Әлемді жайлаған коронавирус індетіне бірге қарсы тұрдық. «Қасіретті қаңтар» кезіндегі зор сынақты тұтас ел болып еңсердік. Биыл Конституцияға өте маңызды өзгерістер енгіздік. Еліміз үшін жарқын келешекке жол аштық. Яғни, қысқа уақытта орасан зор жұмысты бірге атқардық деп сеніммен айтуға болады. Бірақ, әлі де ауқымды жұмыс атқаруымыз керек, бағындыратын белестеріміз – алда. Қандай қиын болса да, бәріміз бірге оны міндетті түрде абыроймен атқарамыз. Ортақ мақсатқа жетеміз!, - деді Президент.
Президенттің айтуынша, маусым айында өткен референдум мемлекетіміздің бағдары дұрыс екенін көрсетті.
Енді өркениетті президенттік басқару жүйесіне көшеміз. Саяси реформалар арқылы «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын орнықтыратын болдық. Келесі жылдан бастап Мәжіліс пен мәслихаттар аралас жүйе бойынша сайланады. Билік тармақтары арасында тепе-теңдік орнату үшін шаралар қабылданды. Президенттің бірқатар өкілеттігі Парламентке берілді. Өңір басшылары баламалы жолмен таңдалатын болды. Ауыл әкімдерін тікелей сайлау тәсілі қолданыла бастады, - деді Ел басшысы.
Мемлекет басшысы саяси партияларға жағдай жасау үшін заңдарға өзгеріс енгізілетінін атап өтті.
Әйелдерге және жастарға саясат саласында жеңілдіктер берілді. Мүмкіндігі шектеулі жандар да тыс қалмады. Ашық азаматтық қоғамның іргесін қаладық деп күмәнсіз айтуға болады. Қазіргі ақпарат, интернет дәуірінде саяси дамудың басқа балама жолы жоқ, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.