Бүгiн 2026, 09:15 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев

Президент рақымшылығы: Бұл шешім кімдерге әсер етуі мүмкін?

Президенттің айтуынша, былтыр қылмыстық жауапкершілікке тартылған азаматтарға рақымшылық жасалған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияны қабылдауға арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде қоғам үшін маңызды бастамалардың бірі – рақымшылық мәселесіне арнайы тоқталды. Президенттің айтуынша, былтыр қылмыстық жауапкершілікке тартылған азаматтарға рақымшылық жасалған. Енді бұл тәжірибені жалғастырып, қауіпсіздікке қатер төндірмейтін бірқатар қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылықтарға тағы да рақымшылық жариялау мүмкіндігі қарастырылып отыр. BAQ.KZ тілшісі бұл бастама аясында рақымшылық кімдерге қатысты болуы мүмкін екенін саралап көрді.

Өткен жылғы нәтиже қандай?

Конституцияның 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылық бойынша елімізде соттар 15 970 материалды қараған. Нәтижесінде, 2 мыңнан астам адам түзеу мекемелерінен босатылып,11 мыңнан астам сотталғанның жаза мерзімі қысқартылды.

Ал 2 888 адам пробация қызметі бойынша жазадан толық босатылса,7 600-ден астам адамның мерзімі қысқартылған.

Бұл көрсеткіштер рақымшылықтың қоғамға нақты әсер еткенін дәлелдейді.

Рақымшылық кімдерге арналған?

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов түсіндірмесіне сүйенсек, рақымшылық қоғамға қауіп төндірмейтін құқықбұзушылық жасағандарға, жеңіл және орташа ауырлықтағы қылмыс үшін сотталғандарға, алғаш рет құқық бұзған азаматтарға, пробация есебінде тұрған тұлғаларға және әлеуметтік осал топтарға қолданылуы мүмкін.

Депутат не дейді?

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Президент ұсынған рақымшылық мәселесіне қатысты өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, рақымшылық – мемлекеттің қоғамға көрсететін қолдауының бір көрінісі.

Депутат Парламентте рақымшылық туралы заң қаралған жағдайда, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 608-бабы бойынша жауапқа тартылған азаматтардың жазасын жеңілдетуді ұсынатынын айтты.

Мен қылмыстық емес, әкімшілік кодекске көбірек назар аударылғанын дұрыс деп санаймын. Қазір көптеген азаматтардың есепшоттары бұғатталған, жүргізуші куәлігінен айырылғандар бар. Осындай адамдарға рақымшылық жасау қажет, – деді Әбенов.

Оның пікірінше, көлікті мас күйінде басқарғаны үшін 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылған азаматтардың жаза мерзімін 2 жылға дейін қысқартуға болады.

Болашақта 608-бап бойынша жазаны 7 жылдан азайтуға қарсымын. Себебі масаң күйде көлік жүргізген адам – қоғамға қауіпті. Алайда бұрын осындай жағдайға түскен азаматтарға рақымшылық жасауға болады, – деді депутат.

Сонымен қатар, ол әкімшілік құқықбұзушылықтарға байланысты шетелге шығу шектеуіне тап болған азаматтардың мәселесін де көтерді.

Елімізде есепшоты бұғатталған шамамен 1,5 миллион адам бар. Бұл да әкімшілік құқықбұзушылықтармен байланысты. Сондықтан заңсыз бұғатталған есепшоттарды қайта қарап, шешу қажет, – деп атап өтті Мұрат Әбенов.

Экономист не дейді?

Экономист Бауыржан Ысқақтың айтуынша, Президент көтерген рақымшылық бастамасының экономикаға әсері оның нақты қандай форматта жүзеге асатынына тікелей байланысты.

Қазақстанда рақымшылық көбіне қарыз, айыппұл, салық немесе капиталды заңдастыру шараларымен байланысты болады. Егер бұл бастама іске асса, қысқа мерзімде оның оң әсері байқалуы мүмкін. Экономикада ақша айналымы көбейіп, адамдар қарыз өтеудің орнына тұтынуға қаржы жұмсай бастайды. Бұл сауда мен қызмет көрсету саласының дамуына серпін береді. Сонымен қатар әлеуметтік қысым азайып, қоғамдағы наразылық деңгейі төмендеуі ықтимал, - дейді ол.

Алайда сарапшы мұндай шешімнің тәуекелдері де бар екенін атап өтті.

Ең басты қауіп – қаржылық тәртіптің әлсіреуі. Егер адамдар “қарызды төлемесем де болады, кейін кешіріп жібереді” деген түсінікке бой алдырса, бұл банк жүйесі үшін де, мемлекет үшін де қауіпті. Сонымен бірге әділет мәселесі туындайды: міндеттемесін уақытында орындаған азаматтар өзін алданғандай сезінуі мүмкін. Бұл қоғамдағы сенімге кері әсер етеді. Банктер де шығынға ұшырап, кейін несиелердің пайызын көтеріп, талаптарды қатаңдатуы ықтимал, – дейді экономист.

Оның сөзінше, ұзақ мерзімді әсері рақымшылықтың қалай және қаншалықты жиі қолданылатынына байланысты болады.

Егер рақымшылық бір реттік, нақты шектеумен жүргізілсе, экономикаға оң серпін беруі мүмкін. Ал жиі қайталанса, бұл керісінше қаржылық тәртіпті әлсіретіп, нарықтағы сенімді төмендетеді. Тіпті ұлттық валютаға да жанама қысым түсуі ықтимал, – деп түйіндеді Бауыржан Ысқақ.

Жалпы, сарапшының пікірінше, рақымшылық қысқа мерзімде экономикаға белгілі бір қозғалыс беріп, халыққа жеңілдік әкелгенімен, орта мерзімде несиелердің қымбаттауы мен қаржылық тәртіптің әлсіреуі сияқты тәуекелдерді де қатар алып келеді.

Қоғам үшін маңызы қандай?

Президент бастамашылық еткен рақымшылық – қоғамдағы әділдік пен мейірімділік арасындағы тепе-теңдікті сақтауға бағытталған маңызды қадам.

Бір жағынан, ауыр қылмыс жасағандарға қатысты қатаң талаптар өзгеріссіз қалса, екінші жағынан, жеңіл құқықбұзушылық жасаған азаматтарға жаңа мүмкіндік береді.