Президент Арыста ерлік көрсеткен жүргізушіні марапаттады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жарлығымен Арыстағы оқиға кезінде ерлік пен жанқиярлық көрсеткен және міндетін адал атқарған бір топ азаматты мемлекеттік наградамен марапаттады. 

Президент наградаларды Ақордада өткен салтанатты рәсім барысында табыстады. Ол өз сөзінде Арыстағы оқиғада ерлік көрсеткендер жайлы айтып берді.


"Көлік жүргізушісі Асқар Әбдіқалық "Лидер" балабақшасындағы 70 баланы қатерден құтқарды. Ал медбике Күмісай Тұманова ауруханада емделіп жатқан балаларды қауіпсіз аймаққа жеткізді. Олар сол сәтте өздерінің өміріне де қауіп келетінін ойламастан, тәуекелге бас тікті. Мен тұрғындарды қауіпсіз жерге көшірген және паналатқан азаматтарға зор ризашылығымды білдіремін. Зардап шеккендерді емдеп, олардың өмірі үшін күрескен дәрігерлерге алғыс айтамын. Дәл осындай төтенше жағдай кезінде азаматтарымыз бір адамдай жұмылып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, еңбек етті. Барлық өңірдің өкілдері Арысқа аттанып, қаржылай және заттай көмек көрсетті, азық-түлік жолдады. Бұл біздің халқымызға тән ерекше мейірім, қайырымдылық пен парасаттылық деп білемін", - деді Тоқаев.


 Мемлекет басшысы барлығы 40 азаматты марапаттады. Мәселен, әскери қызметкерлер - подполковник Ержан Баймолдин мен подполковник Заманбек Жанжігітов, азаматтық қорғаныс полковнигі Нұрғали Жүнісов, полиция полковнигі Әбдіғани Сейдулиев ІІ дәрежелі "Айбын" орденімен наградталды. Бұған қоса, бірақтар азамат ІІІ дәрежелі "Айбын" орденімен, "Құрмет" орденімен, "Ерлігі үшін" медалімен, "Жауынгерлік ерлігі үшін" медалімен , "Шапағат" медалімен марапатталды. Ал Қазақстан президенті өз сөзінде атап өткен көлік жүргізушісі Асқар Әбдіқалық "Ерлігі үшін" медалімен, медбике Күмісай Тұманова "Шапағат" медалімен наградталды.



Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев "Арыс тыныштығы бұзылғанымен, елдің рухы түскен жоқ" деп айтқан болатын.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы