Президент АӨСШК-нің алтыншы өлшемі ретінде жасанды интеллектіні қосуды ұсынды
Қасым-Жомарт Тоқаев қауіпсіздік мәселесі әрқашан АӨСШК қызметінің негізгі басымдықтарының бірі екенін еске салды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
– Біздің Ұйым дау-дамайды бейбіт жолмен реттеуге, қарусыздандыруға және бейбітшілікті нығайтуға айтарлықтай үлес қоса алады. Бүгінде мұның маңызы арта түсті. Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы және басқа да халықаралық институттармен байланыс орната отырып, АӨСШК Азия мен одан тысқары аймақтардағы қайшылықтарды еңсеруде анағұрлым белсенді рөл атқаруға тиіс. Осы орайда, Кеңеске мүше елдердің ұжымдық саяси ерік-жігерін нәтижелі бастамаларға жұмылдыруға шақырамыз. Нақты қадам ретінде Превентивті дипломатия тетігін іске қосуды ұсынамыз. Бейбітшілікті шиеленіске дейін орнықтыру керек. Қақтығыстың алдын алу оның салдарын жоюға қарағанда анағұрлым тиімді әрі арзанға түседі. Мұндай тетік Ұйымға мүше елдердің шешім қабылдауға жүйелі түрде атсалысуына және мәлімдеме қабылдаудан гөрі келісілген іс-әрекетке көшуіне мүмкіндік береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, болашаққа бағдарланған Ұйым бүгінде біз бетпе-бет келіп отырған түбегейлі өзгерістерге дайын болуы керек.
– Жасанды немесе супер интеллект қазірдің өзінде экономикалық даму мен ұлттық бәсекеге қабілеттілікті айқындайтын факторға айналды. Кибершабуылдар заманауи қақтығыстарды ушықтыруда төтенше рөл атқарады. Бұдан бөлек, жасанды интеллектінің бақылаусыз дамуы зор алаңдаушылық туғызады. ЖИ-дің мүмкіндігі молая түскенімен, оны халықаралық-құқықтық реттеу тетіктері жетіле қоймаған. Қазірдің өзінде ЖИ агенттерінің қорғау тетіктерін айналып өтіп, сыртқы жүйелерге рұқсатсыз қол жеткізу фактілері тіркелді. Егер халықаралық-құқықтық тетіктерді енгізу арқылы осы үдерістерді тоқтатпасақ, мұндай жағдайлардың салдары ауырлап, мемлекеттер арасындағы қақтығыс шиеленісе түсуі ықтимал. Жасанды интеллектінің дамуы адамзаттың оны тиімді бақылау қабілетінен асып түспеуі керек. Сондықтан сенімді нығайту шаралары цифрлық ортаға да тиесілі. Меніңше, АӨСШК қолда бар бес өлшемді алтыншы, яғни жасанды интеллектімен толықтыруы керек, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев ЖИ технологияларын орынды пайдалану экономикалық өркендеуді жеделдететінін, сондай-ақ мемлекетті басқарудың тиімділігін арттырып, тұтас аймақтың даму мүмкіндігін кеңейте түсетінін атап өтті.
Осы орайда, тәуекелдерді бірлесіп бақылау қажет.
– Жақында Вашингтонда қол қойылған Суперинтеллект бойынша келісімді құптаймыз. Шын мәнінде, бұл құжат Біріккен Ұлттар Ұйымы аясындағы халықаралық шарттың негізі бола алады. АӨСШК аталған үдеріске зор үлес қосуға қауқарлы екеніне сенімдімін. Осы саладағы жаһандық күш-жігер аясында Қазақстан Алматыда БҰҰ ЭСКАТО тұрақты даму мақсаттары үшін Азия-Тынық мұхиты цифрлық шешімдер орталығын орналастырады. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесіне мүше мемлекеттер аймағымыздың цифрлық болашағын бірге қалыптастыру үшін Орталық жұмысына атсалысады деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.
Президент қазіргі таңда кез келген стратегиялық жобаны жүзеге асыру үшін ақпараттық қауіпсіздіктің маңызы зор деп санайды. Әсіресе, бірнеше мемлекетке ортақ бастамаларда оның мәні арта түседі.
– Бүгін Қазақстан мен Әзербайжан маңызды кезеңге қадам басты. Елдеріміз Каспий табанымен тартылған Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін іске асыруға кірісті. Цифрлық Жібек жолы бірегей жобасы Еуразия кеңістігінде анағұрлым жылдам әрі қауіпсіз мәлімет алмасуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Азияның цифрлық әлеуетін нығайтып, ынтымақтастықтың тың бағыттары ашылады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.