Президент «Әл-Азһар» университетінің Жоғарғы имамымен кездесті
Президент «Әл-Азһар» университетінің Жоғарғы имамы Ахмед ат-Тайебпен әңгімелесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мемлекет басшысы мұсылман үмбеті үшін білімнің, рухани тәлім-тәрбие мен ізгіліктің шамшырағы саналатын «Әл-Азһар» университетінің абырой-беделіне Қазақстан жұртшылығы зор құрметпен қарайтынын жеткізді.
Президент толеранттылық пен конфессияаралық диалогтың нығаюына зор үлес қосқаны, сондай-ақ ислам дінінің шынайы қағидаттарын дәріптегені үшін Жоғарғы имамға ризашылығын білдірді. Мемлекет басшысының айтуынша, қазіргі жік-жікке бөлінген заманда осынау құндылықтардың мән-маңызы одан сайын арта түсті.
Қасым-Жомарт Тоқаев шейх Ахмед ат-Тайебті келесі жылы Астанада өтетін VIII Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне қатысуға шақырды.
Әңгімелесу барысында теологиялық білім беру және ғылыми зерттеулер бағытындағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктері талқыланды.