Президент 9 айда 112 796 шақырым жол жүрді – Берік Уәли

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Осынша шақырым жол жүруге 81 сағат 36 минут уақыт кеткен.

Бұл туралы Ақордада ҚР президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли 2019 жылдың қорытындысына арналған брифинг барысында айтты.

Мемлекет басшысының қатысуымен 463 іс-шара өтіп, еліміздің аймақтарына 25 рет сапарға шыққан. Президент қызметіне кіріскен сәттен бастап 249 мемлекеттік орган басшыларын қабылдаған.

Ел жылнамасында биылғы жыл есте қалды. Ең алдымен, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев президенттік басқаруды Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа табыстаған сәттен басталды. Осыдан кейін еліміздің саяси өмірінде маңызды оқиғалар, президент сайлауы болды... Халық алдында ант бергеннен кейін мемлекет басшысы бірден жұмысқа білек сыбана кірісіп кетті. Еліміздің бүкіл өңірін аралап, халықтың әлеуметтік-экономикалық ахуалымен танысты. Сонымен қатар, өте маңызды бастамаларды қолдап ауқымды іс-шараларға қатысты... Президент халықаралық кездесулер өткізді. Маңызды келісімдер жүргізді. Мемлекет басшысының қатысуымен 463 іс-шара өтті. Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздің аймақтарына 25 рет сапармен барды. Кейбір облысқа 2 рет барды. Президент қызметіне кіріскен сәттен бері 249 мемлекеттік орган басшыларын, Парламент депутаттарын, саяси партиялар мен қауымдастық өкілін және жеке тұлғаларды қабылдады, - деді баспасөз хатшысы.

Сонымен қатар, мемлекет басшысы 31 елдің  басшысымен телефон арқылы сөйлесті. Халықаралық шараларға қатысу үшін 12 елге сапармен барды, оның ішінде мемлекеттік сапар Өзбекстан, Қытай, Қырғызстан және ресми сапармен Ресей мен Германияға барды. 

Жұмыс сапарлар саны – 7-еу. Ресейге 2 рет, АҚШ, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Арменияға барды. Мемлекет басшысы 9 халықаралық жиынға қатысты. Атап айтқанда, АҚШ-та өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясына, ШЫҰ отырысына, ЕАЭО саммитіне т.б. қатысты. Мемлекет басшысы 100-ге жуық хылақаралық кездесу өткізді. Мемлекет басшысы 23 шетелдік елшіден сенім грамотасын қабылдады және Қазақстанның шет елдегі 30 елшісін тағайындады. Сонымен қатар, 6 мемлекетте: Болгария, Латвия, Португалия, Сербия, Словакия, Эстониядағы дипломатиялық миссиялардың елшіліктері қайта құрылды. Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласында 70 мемлекеттен елшіліктің, 30 халықаралық ұйымның өкілдерімен кездесті, - деді Берік Уәли.

20 наурыздан бері мемлекет басшысы 45 заңға, 226 жарлық, 68 өкімге қол қойды.

Президенттің қатысуымен өткен жиындар бойынша 49 хаттама толтырылды. 9 айда 112 796 шақырым жол жүрді. оның 181 сағат 36 минут уақыт кетті, - деді баспасөз хатшысы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ
Өзгелердің жаңалығы