Президент: "30 жыл ішінде Қазақстан мен "Лукойл" ынтымақтастық жолынан сүрінбей өтті"

Мемлекет басшысы 2019 жылы Алматы облысында жағармай зауытының іске қосылуын ынтымақтастық тарихындағы ең маңызды кезең ретінде атады. Бұл – еліміздегі жоғары халықаралық стандарттарға сай келетін жағармай өндіретін алғашқы кәсіпорын, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақордаға сілтеме жасап. 

– Корпорацияның әлеуметтік жауапкершілік танытудағы жоғары деңгейі мен қайырымдылық саласындағы қолдауын ерекше атап өткім келеді. Компанияның адам капиталын дамытуға айрықша көңіл бөлетіні қуантады. Ірі мұнай-газ нысандарында еңбек ететін мыңдаған қазақстандықтар жаңа білім алып, біліктілігін жетілдіріп, заманауи технологияларды игерді. Олардың кәсіби шеберлігі, еңбексүйгіштігі, өз ісіне адалдығы – Қазақстанның мақтанышы әрі келешек табыстарымыздың кепілі. Бір сөзбен айтқанда, отыз жыл ішінде Қазақстан мен "Лукойл" сындарлы ынтымақтастық жолынан сүрінбей өтті, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай-газ секторы Қазақстан экономикасында үлкен рөл атқаратынын жеткізді. Алда қолданыстағы кен орындарын одан әрі игеру міндеті тұр.

– Сонымен қатар ауқымды геологиялық барлау, шикізатты терең өңдеу жобаларын іске қосу, цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу, сондай-ақ адамға, әлеуметтік салаға инвестиция құю жұмыстарының маңызы зор. "Лукойл" компаниясы бұл басымдықтарды толық қолдайтынына, болашақта стратегиялық ынтымақтастықты дамытуда жаңа табыстарға қол жеткізетінімізге сенімдімін. Еліміздің өркендеуіне үлес қосып жүрген компанияның барлық қызметкеріне алғыс айтамын, – деді Мемлекет басшысы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы