Президент: "2025 жыл халқымыз үшін мерейлі жыл болды"

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Жаңа жылмен құттықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақордаға сілтеме жасап.

Қымбатты отандастар! Біз бірнеше минуттан кейін Жаңа жылды қарсы аламыз. Төл тарихымыздың тағы бір белесіне қадам басамыз. Жұртымыз Жаңа жылды ерекше көңіл-күймен күтеді. Әр адам осы сәтте арман-тілегін айтады. Ескі жылдың ең әсерлі сәттерін еске алады. Болашаққа жоспар құрып, зор үміт артады. 2025 жыл халқымыз үшін мерейлі жыл болды. Еліміз дамудың даңғыл жолына түсті. Әлемдегі ахуал күрделі болса да, экономикамыз өркендеп, ішкі жалпы өнім 6 пайыздан асты. Қазақстанның алтын-валюта қоры 62 миллиард доллардан асты. Елге ауқымды инвестиция тартып, бірқатар ірі жобаны жүзеге асырдық. "Достық – Мойынты" теміржолының екінші желісі іске қосылды. Бұл – Тәуелсіздік кезеңіндегі ең ірі теміржол құрылысы, - деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ президент 13 мың шақырым автокөлік жолы салынып, жөнделіп жатқанын, соның арқасында Қазақстанның транзиттік әлеуеті арта түскенін баса атап өтті.

Диқандарымыз екінші жыл қатарынан мол өнім алып, қамбаны астыққа толтырды. Ауылды және ауыл шаруашылығын дамытуға баса мән беріп жатырмыз. Шаруаларға бұрын-соңды болмаған қаржылай қолдау көрсетілді, яғни 1 триллион теңге осы мақсатқа жұмсалды. Биыл жалпы аумағы 19 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. Мыңдаған отбасы баспаналы болды. Әлеуметтік салада көп шаруа жасалды. Жүзден астам мектеп, екі жүзге жуық денсаулық сақтау нысаны бой көтерді. Әлемнің үздік жоғары оқу орындарының филиалдары ашылды. Адам құқықтарын қорғауға баса мән беріліп жатыр. Қоғамда "Заң мен тәртіп" қағидаты орныға түсті, азаматтарымыздың құқықтық сана-сезімі күшеюде, – Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы