Премьер-министр Жамбыл облысында дәрігерлер тапшылығын шешуді тапсырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Үкімет отырысында Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовке өңірдегі дәрігерлердің жоғары жүктемесі, кадрлар жетіспеушілігі мәселесі қалай шешіліп жатқанын сұрады. 

«Өткен жылы 39 нысан салдық. Биыл 40-ы жоспарда бар. Арғы жағында тағы 15-і қалып отыр. Биыл осыны ескере отырып, халықты алғашқы медициналық көмекпен қамтамысыз етуді 100% жеткізуді жоспарлап отырмыз. Яғни 40-тың орнына мүмкін болатын болса, біз 60-тың бәрін биыл салғалы отырмыз. Сонда бізде облыста алғашқы медициналық көмекпен қамтамасыз ету көрсеткіші 100% болады», - деп айтты Асқар Мырзахметов.

Мамин Жамбыл облысында жалпы практика дәрігерлерінің жүктемесі жоғары екенін, кадрлар жетіспейтінін айтты. Жас мамандарға, әсіресе ауылдық елді мекендерде әлеуметтік көмек жеткілікті көрсетілмейтінін жеткізді.

«Өңірде проблема бары рас. Былтыр біраз шешім қабылданды. 122 маман тартылып, оның 102-сі ауылдық жерге жолданды. Биыл 121 маманды тартқалы отырмыз. Жүзге жуығы ауылдық жерге жіберіледі. Тиісті қаржы бюджеттен қаралған. Бүгінгі таңда жаңа ақпараттық жүйеге қатысты 74 маман жетіспей отыр. Оның 44-і өзектілігі есебінен, ал 30-ы жаңадан тартылғалы тұрған адам есебінен шешіледі. Мәселе бақылауда. Жүктелген міндеттер орындалады», - деп жауап берді Жамбыл облысының әкімі.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Үкімет отырысында өңірде алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысандарын салу мен жөндеу жұмыстары туралы баяндады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы