Премьер-министр: Үкіметтің алдындағы күрделі міндеттің бірі – инфляцияны ұстап тұру

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі.​​ Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрі  Әлихан Смайылов мәлімдеді.

Жалпы алғанда еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына шектеу шараларының әсерін барынша азайта алдық. Бұл жұмыстарды жалғастыруымыз керек. Бізбен көршілес елдердің экономикасына санкциялардың ықпалы күшейе түсуде, - деді Үкімет басшысы.

Сонымен қатар Смайылов Үкіметтің алдындағы күрделі міндеттің бірі – инфляцияны ұстап тұру екенін айтты.

Наурыз айының қорытындысы бойынша еліміздегі жылдық инфляцияның деңгейі 12%-ті құрады. Оған, бірінші кезекте, біздің сауда жасап отырған серіктес елдердегі инфляцияның өсуі мен әлемдік азық-түлік бағасының қымбаттауы тікелей әсер етті. Біріккен Ұлттар Ұйымы Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының мәліметі бойынша биылғы жылғы наурыз айындағы азық-түлік бағасының әлемдік индексі 159 проценттік пунктке дейін өсіп, соңғы 30 жылда болмаған ең жоғары деңгейге жеткен, - деді ол.

Оның атап өтуінше, әлемде дәнді-дақылдарға, өсімдік майына, қантқа, ет пен сүт өнімдерінің бағасы өскен.

Бұл біздің нарыққа да тікелей әсер етіп отыр. Өздеріңіз білетіндей, елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2022-2024 жылдарға арналған инфляция деңгейін бақылау және төмендету бойынша кешенді шаралар іске асырылуда. Инфляцияны ұстап тұру үшін қажетті құралдар бар. Мемлекеттік органдар мен әкімдіктер оларды тиімді пайдаланып, бұл мәселені ерекше назарда ұстауы тиіс, - деді ҚР Премьер-министрі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы