Премьер-министр шикізатты қайта өңдеуді ұлғайту қажеттігін айтты
Премьер-министр Мемлекет басшысының экспортқа бағдарланған өнеркәсіпті дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында бүгінгі таңда Үкімет отандық өндірістік қуаттарды толық жүктеу үшін жағдай жасауға күш салып жатқанын атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Осыған байланысты, Ауыл шаруашылығы министрлігі балық өңдеу кәсіпорындарына талдау жүргізді, оның барысында олардың жиынтық қуаттылығы жылына 100 мың тоннадан асатындығы анықталды, алайда шикізаттың жеткіліксіздігіне байланысты олардың жүктемесі шамамен 45% - құрайды.
Статистикаға сәйкес, 2023 жылы 25 мың тоннадан астам балық өнімдері экспортталды, оның 14 мың тоннасы немесе 55% өңделмеген мұздатылған балық.
Сондай-ақ, Премьер-Министр қосылған құны анағұрлым жоғары отандық өнім шығарудың айтарлықтай перспективалары бар екенін, сондықтан ел ішінде шикізатты қайта өңдеуді ұлғайту қажет екенін атап өтті.
Мысалы, Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметтері бойынша, мұздатылған қаракөз балығының экспорттық бағасы тоннасына 500 АҚШ долларын құрайды, ал қаракөз балығының ысталған-кептірілген өнімнің бағасы тоннасына шамамен 3500 АҚШ долларын құрайды. Бұл көрсеткіштер өңделген балық өнімдерінің жоғары рентабельділігін көрсетеді.
Осыған байланысты, отандық балық өңдеушілерді мемлекеттік қолдау шараларын кеңейту арқылы өңделген балық өнімдерінің үлесін ұлғайту көзделіп отыр.
Мәселен, балық өңдеумен айналысатын балық өндіруші кәсіпорындар үшін Салық кодексінде есепке жатқызылатын қосылған құн салығының 70% түрінде жеңілдіктер көзделген.
Бұдан басқа, бизнесті жүргізу мәселелері жөніндегі Заң жобасы шеңберінде Министрлікке балық өнімдерін қайта өңдеуді субсидиялау қағидаларын әзірлеу және бекіту бойынша құзырет беру туралы норма, сондай-ақ балық шаруашылығы субъектілеріне кредит беру кезінде сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау мәселесі пысықталуда.
Сонымен қатар, министрлік балық өнімдерін терең өңдеу көлемінің өсуіне ықпал ететін және экспорттың шикізаттық бағытын қысқартатын басқа да шаралар қабылдауда.