Премьер-министр: Маскүнемдерді мәжбүрлеп емдеу рәсімдерін жеңілдету керек

Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі талқыға салынған отырыс барысында Үкімет басшысы бірқатар тапсырмалар берді. 

Ақпарат министрлігі тұрмыстық зорлық-зомбылыққа төзбеу және отбасылық құндылықтарды дәріптеу бойынша ақпараттық науқан жүргізуі қажет. Оқу-ағарту министрлігі балалардың бойына отбасына құрмет және үйдегі тәртіп ережелерін сіңіру үшін  «мектеп сағатын» ойластырсын. Өңір әкімдіктері тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс және уақытша бейімдеу орталықтарын, мәжбүрлеп емдеуге арналған наркологиялық мекемелер желісін кеңейту шараларын қабылдауы тиіс, - деп атап өтті Әлихан Смайылов. 

Сонымен қатар ол медициналық-әлеуметтік есепке алу қағидаларын жасау қажеттігін айтты. 

 Еңбек министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, шын мәнінде мемлекеттің көмегіне мұқтаж, тұрмысы нашар отбасыларды медициналық-әлеуметтік есепке алудың үлгілік қағидаларын әзірлесін. Әкімдіктермен бірге тәуекел тобындағы отбасыларды анықтап, олармен арнайы профилактикалық жұмыс жүргізу үшін Отбасының цифрлық картасының деректерін талдау қажет. Денсаулық сақтау министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, мәжбүрлеп емдеуге жіберу рәсімдерін жеңілдетсін. Халықаралық тәжірибені ескере отырып,  құқық бұзушыларға психологиялық терапия шараларын қолдану бойынша  ұсыныстар әзірлеу керек, - деді Премьер-министр. 

Сондай-ақ Смайылов Ішкі істер министрлігіне тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдату бойынша заңнамалық түзетулер әзірлеп, халық арасында  түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жүктеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы