Премьер-министр депутаттың сауалына жауап берді
Премьер-министр Әлихан Смайылов Мәжіліс депутаты Нұртай Сәбильяновтың Ұлттық қордағы қаражатқа қатысты қойған сауалына жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Расында да 2024 жылы Ұлттық қордан тартылатын нысаналы трансферттердің көлемі 1,6 трлн теңгені құрайды. Олар әлеуметтік маңызы бар және стратегиялық инфрақұрылымдағы жобаларды қаржыландыруға бағытталған. Енді Ұлттық қордан тартылатын нысаналы трансферттер жылдан-жылға төмендейді. Оның орнын республикалық кірісі алады. Ол үшін ең біріншіден тиісті инвестицияларды тартып, нақты секторды қаржыландыру мәселелерін шешеміз, - деді Үкімет басшысы.
Ол алдымен мемлекеттік қолдау шаралары арқылы, шағын және орта бизнесті қолдау, агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру. Смайыловтың сөзінше, қазіргі таңда біз 32 трлн теңге болатын 970 ірі инвестициялық жобаны іске асырып жатырмыз. Олар 500 млн теңгеден асатын шикізат емес секторлардағы жобалар. Соның 400-і 4,6 трлн теңгеге келесі жылы іске асырылады.
Барлық жобаны іске асыру үшін инфрақұрылымды жаңғыртуымыз керек. Ол үшін «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын іске асырып жатырмыз. Тарифтердің есебінен, газбен, электр қуатымен, сумен, жылумен жабдықтау желілеріне және көздеріне 3 трлн теңгеден астам қаражат тартылады. Инфрақұрылымды жаңғырту нақты сектор салаларына оң әсер етеді, - деп айтты Әлихан Смайылов депутаттың сұрағына жауап берді.
Оның айтуына қарағанда, келесі жылдары экономикалық өсу қарқыны жоғарылайды. Биыл 4,7% болса, келесі жылы 5,3%, 2026 жылға дейін 6%-ға дейін өседі деген жоспар бар.
Ол үшін республикалық бюджеттің өз кірісін көбейту арқылы алдымен экономиканы ұлғайтуымыз керек. Екіншіден, кедендік және салықтық әкімшілендіруді жақсартуымыз қажет. Цифрландырып, көлеңкелі экономиканы қысқартуымыз керек. Осы бағытта да жұмыстар атқарылып жатыр. Соңғы 4 жылда осы шаралардың нәтижесінде республикалық бюджеттің кірісі 3 трлн теңгеге ұлғайтылды, - деп толықтырды сөзін Смайылов.