Премьер-министр азық-түлік бағасының өсуіне қатысты әкімдерге ескерту жасады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2022 жылғы 19 наурызда Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Мемлекет басшысының тапсырмаларын және Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі жедел іс-қимыл жоспарын орындау бойынша кезекті кеңес өтті.
Бұл туралы Үкімет басшысының ресми сайты хабарлады.
Жыл басынан бері Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 8%-ға өсті. Бағаның өсуі барлық өңірлерде тіркелді.
Өңірлер бойынша өткен аптада бағаның ең жоғары өсуі Батыс Қазақстан облысында 9,5%-ға, Ақтөбе облысында – 8,7%-ға, Павлодар облысында – 7,1%-ға және Атырау облысында – 6,7%-ға орын алған.
ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бағасының айтарлықтай өсуіне жол берген бірқатар өңір әкімдеріне ескерту жасады.
Облыста жыл басынан бері де, бір апта ішінде де барлық ӘМАТ бойынша бағаның өсуіне жол берілген, — деді Әлихан Смайылов БҚО әкіміне.
Бұл халыққа едәуір қиын. Біз Оралдағы көптеген дүкенді араладық. Қант бағасы бір жерде төмен, ал бір жерде жоғары. Мен адамдарды еліміздің барлық өңіріне арнайы жолдадым. Кейбір сауда орындарында баға 20 пайызға көтерілген. Үстеме бағаны бақылау керек, оны ешкім қадағаламай отыр, - деді Үкімет басшысы.
Премьер-министр қант бағасының өсуінің мысалында өңірде ӘМАТ бағасына бақылау, бөлшек сауда маржасының 15 пайыздан асып кетуіне жол бермеу мониторингі жүргізілмейтінін айтты.
Сондай-ақ, Ақтөбе облысының әкіміне ескерту жасалды, онда ел бойынша бағаның ең жоғары өсу көрсеткіштері тіркелді: картоп бойынша 32,8%, сәбіз бойынша 38,3%.
Премьер-министрдің айтуынша, өткен аптада Қазақстан Республикасында жедел рейд шараларын өткізу кезінде әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын негізсіз көтеру фактісі бойынша 5 мың бұзушылық анықталды.
Премьер-министрдің айтуынша, өткен аптада Қазақстан Республикасында жедел рейд шараларын өткізу кезінде әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын негізсіз көтеру фактісі бойынша 5 мың бұзушылық анықталды.
Жалпы бұзушылықтар бар. Егер көтерме баға қымбаттаса, онда мәселе басқа. Бірақ көтерме баға өзгермесе және маржа 2 есе немесе одан да көп көтерілсе, онда біз бағаның негізсіз өскенін байқаймыз. Бұған жол беруге болмайды, - деді ол.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында азық-түліктің тапшылығы мен бақылаусыз қымбаттауын болдырмау үшін Қазақстан Республикасында азық-түлікті тұрақтандыру қорларын қалыптастыру жүргізілуде.
2022 жылғы 17 наурыздағы жағдай бойынша сауда объектілерінің, өндірістік кәсіпорындардың, қоймалардың қуатын, тұрақтандыру қорларын қоса алғанда, ӘМАТ республикалық қорлары: 421 992 тонна картоп, 70 876 тонна сәбіз, 103 490 тонна пияз, 42 860 тонна қырыққабат, 11 832 тонна қарақұмық жармасы, 29 165 тонна күнбағыс майы, 28 005 тонна қант және басқа да өнімдерді құрады.
Өткен аптада монополияға қарсы ден қою шаралары шеңберінде Қазақстан Республикасында бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу, сондай-ақ сауда үстемесін 15%-дан 10%-ға дейін төмендету туралы 9 шарт жасалды.
Атап айтқанда, Нұр-Сұлтан қаласында ұн өндірушімен, Қарағанды облысында сауда желілерімен, Қостанай облысында қант пен қарақұмық көтерме жеткізушілерімен, Атырау облысында сүт өнімдері мен тауық жұмыртқаларын өндірушілермен, Батыс Қазақстан облысында тауық жұмыртқаларын өндірушімен шарттар жасалды.
Бұзушылық фактілері бойынша өткен аптада 8 тергеу басталды.
Қостанай облысында тауық етін көтерме жеткізушісі «Опт Торг Company Plus» компаниясы бойынша; Қарағанды, Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында тауық жұмыртқасын өндірушілер бойынша «Қарағанды Құс» ЖШС, «Құрма агрофирмасы» ЖШС, «Үштөбе Құс» ЖШС, «Ижевский» ЖШС, «Павлодар Құс» ЖШС, «Шарбақты Құс» ЖШС, «Алекри» ЖШС, «Адель Құс» ЖШС; Маңғыстау облысында «ҚазАзот» АҚ аммиак селитрасын өндіруші бойынша; Алматыда «ҚазФосфат» ЖШС аммофос өндіруші бойынша; Ақтөбе облысында «КАИС инвест» ЖШС және «Фирма Ас-Ан» ЖШС көтерме жеткізушілері бойынша тергеу басталды.
Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-министр Сауда комитетіне кезекті кеңесте өңірлерде бекітілген бөлшек сауда үстемесін сақтау мониторингі бойынша атқарылған жұмыс қорытындысы және бұзушылықтардың негізгі себептері туралы баяндауды тапсырды.
Өңірлердің басшыларына әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасындағы ең жоғары рұқсат етілген үстеме ақыға мониторинг жүргізу бойынша бақылау іс-шараларын күшейту және тиісті шаралар қабылдай отырып, баға белгілеудің барлық тізбегі бойынша делдалдық схемаларды тексеру жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысын жалғастыру тапсырылды.
Сонымен қатар Премьер-министр өңірлердің басшыларына болжамды қажеттіліктерді қамтамасыз ету үшін ерте пісетін көкөністерді отандық өндірушілермен алдын-ала келісім жасасуды ұсынды.