Премьер-министр «АМАНАТ» партиясы фракциясының кеңейтілген отырысына қатысты

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Әлихан Смайылов «АМАНАТ» партиясы фракциясының кеңейтілген отырысына қатысуда, деп хабарлайды BAQ.KZ Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.

Ол өз сөзінде депутаттарды Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019-2022 жылдарға арналған жолдауларының орындалу барысы туралы хабардар етеді.

Барлық бағдарламалық құжаттар халқымыздың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Бұл тапсырмалар қиын кезеңде, үнемі туындап отыратын сыртқы және ішкі сын-қатерлер жағдайында іске асырылды. Дегенмен жалпы қойылған міндеттер жүзеге асырылды, ал ұзақ мерзімді және жүйелі тапсырмалар орындалу барысында, — деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Мемлекет басшысы өзінің алғашқы Қазақстан халқына Жолдауында үлкен саяси өзгерістер туралы жариялады.

 Себебі елдің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпайынша, экономикалық реформаларды жүргізу мүмкін болмайтын еді. Азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасы іске асырылуда. Бұл құжат демократияны нығайтудың жаңа кезеңі және көппартиялықты дамыту мен бәсекелі сайлауды өткізу жолындағы алғашқы қадам болды,- деді Әлихан Смайылов.

Ол Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұмысын жалғастыру үшін жалпыұлттық деңгейде Ұлттық құрылтай құрылғандығын айтып өтті. 

Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру мен өткізудің жаңа тәртібі заңнама деңгейінде реттелді. Алғаш рет заң жүзінде сыбайлас жемқорлық қылмыс орын алған мемлекеттік орган басшысының жауапкершілігі бекітілді. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс қабылданды. Ол азаматтар мен бизнестің мүддесін қорғауды қамтамасыз етеді. Заң жүзінде азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдігі артып, қылмыстық процесте тараптардың сайыскерлігі және теңдігі қамтамасыз етілді,-  деді Әлихан Смайылов.

 Сондай-ақ ол, алғаш рет мемлекеттік органдар үшін азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеуіне арналған бірыңғай ақпараттық жүйе енгізілгендігінде тілге тиек етті.

 Аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер және ауылдық округтер әкімдерін сайлау институты енгізілді. Оның аясында 1576 ауыл әкімі сайланды. Жер кодексіне тиісті түзетулер енгізу арқылы шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін беруге түпкілікті тыйым салынды. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында Үкімет «Қоғамдық бақылау туралы» заң әзірледі. Ол мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қоғам алдындағы ашықтығын және есептілігін арттырады,- деді Әлихан Смайылов . 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов - Архив
Өзгелердің жаңалығы