Премьер-лига: «Ордабасы» қатарынан үшінші жеңісіне қол жеткізді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Футболдан премьер-лиганың 13-турында Шымкентте «Ордабасы» мен «Оқжетпес» кездесті.
«Ордабасы» бірнеше ойынды тең аяқтап, жанкүйерлерінен сын естіген еді. Алайда, соңғы кездері «Ордабасы» жанкүйерлерін жиі қуантып жүр. Турнир кестесінде үшінші орында келе жатыр.
«Тараз», «Ақтөбе», «Оқжетпес» командаларын қатарынан 3:0 есебімен ұтты. «Ордабасыны» өрге сүйреп жүрген бразилиялық Жоао Пауло десек қателеспейтін шығармыз. Премьер-лигада 8 гол соғып, 4 нәтижелі пас беріп үлгерді. Оған «Ордабасыға» келіп, екінші тынысы ашылған Тоқтар Жаңғылышбайды қосыңыз. Ұлттық құраманың алдағы ойындарына шақырту алған Тоқтар бұл матчта дубль жасады. Бір голды Жоао Пауло өз атына жазды. Қорытынды есеп – 3:0.
Енді «Ордабасыны» алда қиын ойындар күтіп тұр. Алдағы бір айда «Жетісу», «Астана», «Қайсар», «Қайрат», «Тобыл» секілді алғашқы алтылықта жүрген клубтармен жолығады. Сол кезде Шымкент командасының шамасын байқайтын боламыз.
«Ордабасы» (Шымкент) – «Оқжетпес» (Көкшетау) – 3:0.
Голдар: Пауло, 5 (1:0). Жаңғылышбай, 14 (2:0). Жаңғылышбай, 38 (3:0).
Пенальти соға алмады: Стоянович, 69.
«Ордабасы»: Непогодов, Досмағамбетов, Ерланов, Жаңгылышбай (Бадибанга, 66), Малый, Махлангу, Механович (Ковальчук, 54), Диакате, Пауло (Шәмші, 82), Төлебек, Фонтанелло (к).
«Оқжетпес»: Багинский, Алмейда, Дайыров, Дмитриев (Сапаров, 67), Ерсалымов, Жақыпов (Калинин, 58), Жұмаханов (Молдақараев, 54), Зорич, Касминин, Кислицын (к), Стоянович.
Бас төреші: Игорь Чесноков (Өскемен).
Шымкент. Қажымұқан атындағы стадион. 2700 көрермен.