Қырықбаев: Праймериз – қоғамдағы саяси мәдениетті арттыру мектебі болады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жер-жердегі праймериздің өткізілу барысын көріп-білу мақсатында партия басшылығы және «Nur Otan» Жақтастар лигасының өкілдері аймақтарды аралап жүр. Бұл туралы партия хатшысы Арман Қырықбаев хабарлады.

Бүгін Шымкент қаласына келіп, партияластармен бірқатар мазмұнды кездесулер өткіздік. Бастауыш партия ұйымының мүшелерімен, белсенді қоғам өкілдерімен, жастармен кездестік. Бүкіл елді қамтыған партияішілік сайлау – праймериз төңірегінде сөз өрбіттік. Үгіт-насихат, жария дебат, дауыс беру қалай өтеді деген сияқты түйткілді сұрақтарға түйінді жауап бердік. Сайлау учаскелерінің дайындығымен таныстық, кандидаттар арасында өтетін пікірсайыс орнын көрдік. Әзірлік сақадай сай - дейді Арман Қырықбаев.

Жалпы Шымкент қаласы бойынша 180 азамат праймеризге қатысуға ниет білдірген.

7 қыркүйектен басталған праймериздің екінші кезеңі – үгіт-насихат жұмысы барысында үміткерлер партияластармен кездесу өткізіп, өз бағдарламаларын ұсынуда. Қазіргі уақытта кандидаттар өңірді дамыту бағдарламасының жобасымен танысып, оны халықпен бірге талқылап, өз ұсыныстарын енгізуде. Осылайша кең талқылаудан өтіп барып, бағдарлама қабылданатын болады. Әрине, праймериз ел тарихында тұңғыш рет өткелі тұрғандықтан, сайлау әділ өте ме дегендей халықтың көкейінде сұрақ барын байқадық. Біз праймериздің барынша ашық өтуіне, дауыс беру кезінде ешқандай қысымның болмауына, заң бұзушылықтардың орын алмауына, бақылаушыларға бар жағдай жасалуына мүдделіміз - дейді ол.

Жақтастар лигасының белсенді мүшесі Ерлан Саиров айтқандай, бұл – «Nur Otan» үшін ғана емес, әрбір партия мүшесі үшін, айналып келгенде барша қоғам үшін сын.

Бұл біздің қоғам белсенділерінің шын саяси бәсекеге мәдени, моральдық тұрғыдан қаншалықты дайын екендігін де көрсетуі тиіс. Праймериз – қоғам үшін саяси мәдениетті арттырудың мектебі болмақ. Сол себепті, алдағы партияішілік сайлау – нағыз демократиялық ішкі талдаудың, ішкі іріктеудің көрінісі болатынына, нағыз халықтық партиялық тізім жасақталатынына сеніміміз зор - дейді партия хатшысы.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы