Праймериз: Павлодар облысында 149 учаске ашылды

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде Nur Otan партиясының дауыс беру шараларының үшінші кезеңі өтуде. Бүгін партиялықтар дәстүрлі түрде дауыс берді. Облыстың қала-аудандарында 27 учаске ашылған болатын. Ал онлайн режимінде 122 орын жабдықталды.

Nur Otan облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Илья Теренченконың хабарлауынша, өңірде дауыс берушілердің белсенділігі жақсы.

 

Дауыс беру орындарында санитарлық нормалар сақталды. Учаскелерге кіріп-шыққан азаматтардың дене температурасы тексерілді. Санитарлық нормалар қатаң сақталды. Осы уақытқа дейін дауыс берушілердің 32 мыңнан астамы таңдау жасап үлгерді, - дейді Илья Теренченко.

Таңдау жасағандардың алғашқы легінде облыс басшылығы мен мемлекеттік қызметшілер келіп, дауыстарын берді. Жалпы, бүгінгі күнде өңірде 149 арнайы учаске жұмыс істеді. Дауыс беруге 612 үміткер қатысса, ал негізгі науқанда 553 кандидат бақтарын сынады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, аймақта партияның 50 мыңға жуық мүшесі бар. Облыс орталығының өзінде 14 мыңнан астам партиялық бар.

Аралық қорытындыға сәйкес дауыс беру бойынша Павлодар қаласы көш басында. 10 мыңға жуық азамат таңдау жасады. Екінші орында Екібастұз, үшінші орында Ақсу қаласының тұрғындары тұр. Аудандар бойынша Тереңкөл ауданынің белсенділігі жоғары.

 Айта кетейік, праймеризге қатысушылар тарапынан халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту бойынша екі мыңға жуық ұсыныс айтылған. Мәселен, партиялық праймериз қатысушысы Нұр-Сәуле Байболатова монополистер мен тұрғын үй секторына қызмет көрсететін ұйымдардың арасын жақындатуға ниетті.

 Пәтер иелері кооперативін басқаратын азаматша көптеген коммуналдық мәселелердің шешілгенін қалайды.

Елімізде тұрғын үй шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы бар. Бағдарламаның пайдасы көп. Дегенмен, тұрғындар үшін өте қымбат. Мәселен, бір лифтіні орнатуға 8,5 млн теңге қажет. Қарапайым халықта осындай қаражат қайдан табылсын. Бағдарламаны жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен де қаржы бөлінсе деген ұсыныс бар. Көтергіштер кезек-кезеңмен жаңарса, нұр үстіне нұр, - дейді Нұр-Сәуле Байболатова.

Бүгінде облыс орталығындағы 1,5 мың лифтінің басым бөлігі әбден ескірген және апатты жағдайда. Биылғы жылы 10-нан астам көтергіш алмастырылған.

 

 


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы