Праймериз: Дауыс беру мерзімі ұзартылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Nur Otan» партиясының праймеризін өткізу қағидаларына сәйкес, дауыс беру күні орталық ұйымдастыру комитеті бекітетін республикалық Күнтізбелік жоспарда айқындалады.
Партияның баспасөз қызметінің мәліметінше, 2 қазан сағат 17:00-дегі жағдай бойынша праймеризде 446 297 сайлаушы немесе жүйеде тіркелген партия мүшелерінің 57%-ті дауыс берген.
Партиялықтар мен жалпы жұртшылықтың партияішілік сайлауға жоғары қызығушылығы бір мезгілдегі сайтқа жүгіну санын едәуір арттырды (100 мың және одан да көп), соның салдарынан дауыс берудің алғашқы сағаттарында сайтқа тіркелу бойынша уақытша қиындықтар туындады.
Ақпараттық жүйеге түскен техникалық жүктемелердің салдарынан партияның көптеген мүшелері дауыс бере алмады. Қоғамдық қабылдаудың колл-орталықтарына 1,5 мыңнан астам қоңырау келіп түскен. Оның ішінде 828-і дауыс беру кезіндегі техникалық қиындықтар мәселелері бойынша.
Сондай-ақ, әлеуметтік желілер арқылы партияның ұйымдастыру комитеттеріне партиялықтар мен кандидаттар тарапынан дауыс беру мерзімін ұзарту туралы өтініштері келіп түсті. Өтініштерде дауыс беру жұмыс күндері өтіп жатқандықтан таңдау жасауға уақыттың жетіспеуі айтылуда.
Сонымен қатар, ертең, 3 қазанда, сағат 08.00-ден 14.00-ге дейін сайлау учаскелері жұмыс істейді. Өз кандидатына дауыс бере алмаған азаматтар жаппай учаскелерге келуі пандемия жағдайында бұл коронавирус инфекциясын жұқтыруға әкелуі мүмкін.
Жоғарыдағы жағдайларды ескере отырып, Орталық ұйымдастыру комитетінің хаттамалық шешімімен Республикалық күнтізбелік жоспарға өзгерістер енгізілді. Осылайша, веб-сайт және мобильді қосымша арқылы онлайн дауыс беру мерзімін тура бір тәулікке, 2020 жылғы 4 қазан күнгі сағат 14:00-ге дейін ұзарту туралы шешім қабылданды.
Бұл ретте, үгіт-насихат жұмыстары сенбі, яғни 3 қазан күнгі 14:00-де сайлау учаскелерінің жабылуымен бір мезгілде аяқталатынын атап өту қажет.