Алматыға шетелдегі Орыс Православие шіркеуінің делегациясы келді
Алматы, BAQ.KZ. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Митрополит Александр және шетелдегі Орыс Православие шіркеуінің делегациясымен кездесті. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады.
Шаһар басшысы Астана мен Қазақстанның Митрополиті Александрды архипасторлық қызметтің 30 жылдығымен және Вознесенск кафедралы шіркеуі құрылысының аяқталуымен құттықтады.
«Алматы – Ұлы даланың сан ғасырлық дәстүрін паш ететін ашықтық пен достықты, төзімділік пен қонақжайлылықты бойына сіңіре білген ерекше қала. Бүгінгі алматылықтар, яғни 100-ден астам этникалық топтардың өкілдері достық пен татулықты ту етіп өмір сүруде», - деді Бақытжан Сағынтаев.
Мегаполис басшысының айтуынша, Вознесенск кафедралы шіркеуі — Алматыдағы айшықты орындардың бірі. Бұл — Қазақстанның қасиетті нысандарының тізіміне енген бірегей ағаш сәулет ескерткіші. 2016 жылы Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев шіркеуді қалпына келтіруді тапсырған болатын. 2019 жылдың тамыз айында жұмыс аяқталды.
Кездесуге шетелдегі Орыс Православие шіркеуінің дін басылары да қатысты. Олар шетелдегі орыстардың Қорғаушысы атанған православие дініндегі қасиетті Құдай ананың Курскілік түпкілікті «Знамение» иконын өздерімен бірге алып жүруде.