Пойызда есірткі тасыған жамбылдық 3 жылға сотталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысының 21 жастағы тұрғыны 3 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлады Көліктегі полиция департаментінің басапасөз қызметі. 

Қызылорда стансасындағы Желілік полиция бөлімінің қызметкерлері «Допинг» жедел алдын алу іс-шарасын жүргізу барысында лақап аты «Ральф» қызметтік-іздестіру итінің көмегімен «Алматы-Атырау» бағытындағы жолаушылар пойызынан Жамбыл облысының 21 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады.

Тексеру кезінде ер адамның жол сөмкесінен жалпы салмағы 26 грамм болатын синтетикалық зат табылып, тәркіленді. Бұл туралы Көліктегі полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Сарықұл Жоланов айтты.

Көлік полицейлері осы факті бойынша ҚР ҚК-нің 296-бабы 4-бөлігі, яғни, аса ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізді. Қызылорда облысы Жалағаш аудандық сотының шешімімен құқық бұзушы 3 жылға бас бостандығынан айырылды, - деді Жоланов. 

Еске сала кетейік, биыл жыл басынан бері көлік полицейлері есірткі заттарының заңсыз айналымына байланысты 72 есірткі қылмысын анықтады. Оның ішінде 9 - өткізу фактісі, 2 - аса ірі көлемде сақтау және 1 - есірткі құралдарын контрабандалық жолмен тасымалдау.

Заңсыз айналымнан 13 келіден астам түрлі есірткі заты тәркіленді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы