Пойызда берілетін төсек жабдықтарын кім жуып жүр?

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Пойызбен ұзақ жолға шыққанда жолсерік бірден төсек-орын жиынтығын әкеліп қолымызға ұстатады. Аппақ таза төсек жаймасын төсеген соң, жатып, тынығып алғымыз келіп тұратыны бар. Алайда, бұл төсек жабдықтарының күн-түн демей үздіксіз жуылып жатқанын біле бермейміз. 

Жолға шыққан бір пойызда орташа есеппен 700-ге жуық жолаушы болады екен, жол-жөнекей бірі түсіп, тағы бірі мініп жатады. Оның барлығына міндетті түрде төсек жиынтықтары беріледі. Пойыздағы тазалықты қамтамасыз етіп отырған компанияның бірі «АЛДАН TRADE» ЖШС. Жақында осы мекемеде болып, олардың жұмысымен етене таныстық.


2017 жылы құрылған компания негізінен Алматы қаласы аумағында өнеркәсіптік мақсатта кір жуу және химиялық тазалау бойынша қызмет көрсетеді. Жұмыстарының 90 пайызы автоматтандырылған. 

Кәсіпорынның аумағына жеткізілген төсек жабдықтары алдымен іріктеліп, кейін жуу аппаратына жіберіледі. Онда төсек жаймасы, сүлгі, барлығын қосып жуа салмайды, әр жабдық жекелей аппараттағы өзіне тән программада жуылады. Кір жуу аппаратының мониторынан қандай өнім жуылып жатқаны - бәрі көрініп тұрады екен.


Мекеме қазір күніне 10-15 тонна кір жуып жатыр, айында 400 тоннаға дейін жететін көрінеді. Өндірістік жұмыс күні-түні үздіксіз жалғаса беретіндіктен, жұмысшылар үш ауысымда істейді.

Мекеменің бас инженері Нұржігіт Оспанханов кір жуу барысында тек белгиялық химияны қолданатындарын айтады.

Біздегі жуу жұмыстарының барлығы талапқа сай жүргізіледі. Кірді жуу барысында тек сапалы химия қолданылады. Сондықтан біз пойызда берілетін төсек жабындыларының басым көпшілігін жуып отырмыз. Біз «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның оңтүстік бағытына қызмет көрсетеміз, - дейді ол.


Кір жуу аяқталған соң оны дәрінің таблеткасы сияқты етіп сығып шығарады екен. Оның салмағы 60 келіге дейін барады. Сығылып шыққан өнімнің ылғалдылығы 40 пайызды нормада болу керек, өйткені төсек жаймалары одан әрі автоматты үтіктеу аппаратына жіберіліп, сол жерден бүктеліп, дайын күйінде шығады. Жұмысшылар бүктелген дайын өнімді іріктеп, әр жиынтыққа бөліп, пакетке салып отырады.

Тальго мен жүрдек пойызда берілетін төсек-орын жиынтықтарының айырмашылығы бар екен. Мәселен, Тальго пойызында берілетін төсек жаймаларының материалы қымбат жаккард матасынан тігілген екен. Ал жүрдек пойыздарда поликоттон матасынан жасалған жиынтықтар беріледі. 


Аталған мекеме 2020 жылы Jensen маркалы қазіргі заманға сай өнеркәсіптік кір жуғыш машина сатып алу үшін «Bank RBK» АҚ арқылы 14,5%-бен 452, 7 млн теңге несие алыпты. Несиені «Даму» қоры «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасының екінші бағыты аясында субсидиялап, қазір 14,5%-дық несиені кәсіпорын 6%-бен төлеп отыр. Осы жабдықтың арқасында өндірістік жұмыстың 90 пайызы автоматтандырылған.


«АЛДАН TRADE» ЖШС директоры Әлия Әбдәлиева 2019 жылдан бері пойызда берілетін төсек-орын жиынтықтарын жуумен айналысып келе жатқандарын айтады.

Біз өткен жылы жеңілдігі бар несие алып, немістердің Jensen маркалы жабдықты сатып алдық. Мұндай жабдық Орталық Азия мен Қазақстанда бізде ғана бар. Бұл жабдықтың ерекшелігі сол, ондағы жұмыстың барлығы автоматтандырылған. Дегенмен бізде 150-ге жуық адам үш ауысымда жұмыс істейді. Біздің саламыз қонақүй, фитнес-орталық, отельдерге қызмет көрсетуге бағытталған, - дейді мекеменің директоры. 

Пойызда берілетін әр төсек-орын жиынтығын жуу 593 теңгеге шығады екен.





Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы