Пойыз қағып кеткен төрт теміржолшы жерленді: Ең кішісі 24 жаста
Бүгін Қарағанды облысындағы «Мойынты–Шығанақ» теміржол учаскесінде қаза тапқан жөндеу бригадасының төрт қызметкері жерленді. Марқұмдардың артында балалары мен асырауға мұқтаж жақындары қалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Еске салсақ, 2025 жылғы 10 желтоқсанда сағат 17:15-те «Мойынты–Шығанақ» учаскесіндегі Шешенқара-Қаражанғыл аралығында жүк пойызының жүрісі кезінде машинист шұғыл тежеу қолданды. Теміржол төсемі аймағында Сарышаған станциясының жол бригадасы рельсті ауыстыру бойынша жоспарлы жұмыстарды орындап жатқан.
Барлық қажетті шараларға қарамастан, жазатайым оқиғаның алдын алу мүмкін болмады. Төрт жұмысшы жарақаттан көз жұмды.
Қаза болғандардың ең үлкені – 60 жастағы Серікқан Жүнісов. Ол теміржол саласында 33 жыл еңбек еткен. Марқұмның артында үш баласы қалды, олардың бірі – кәмелетке толмаған.
50 жастағы бригадир-механик Мақсұт Тауырбеков отбасының жалғыз асыраушысы болған. Оның артында екі кәмелетке толмаған баласы қалды.
45 жастағы жол монтері Бауыржан Ахрапбаев «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясында бір айға жетпей жұмыс істеген. Марқұмның зейнеткер ата-анасы бар.
Қаза тапқандардың ең жасы – Дархан Сатыпалды, 24 жаста. Оның артында жұбайы мен зейнеткер анасы қалды.
Марқұмдардың қазасы жақындары мен әріптестері үшін орны толмас қайғы болды.