Пойыз билеттерін алып-сатуға жол жоқ

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Пойыз билеттерін алып-сатарлықпен айналысқан адамдарға 500 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директорының сату және клиенттермен жұмыс жөніндегі орынбасарының міндетін атқарушы Ерлан Жимайлов мәлімдеді.

Оның айтуынша, бұрын бір адам 10-20 билетке дейін сатып ала алатын, енді бір адам тек 10 билетке дейін ғана ала алады.

Қазір сатылып жатқан пойыз билеттерінің 70 пайызы электронды түрде рәсімделген, қалған 30%-ы касса арқылы сатылған. Электронды сатылым билетті алып-сатумен айналысатындардың жолын кесті. 2019 жылдан бері билетті алып-сатарлықпен айналысқандарға 100-ден 500 АЕК көлемінде айыппұл салынады,-деді Ерлан Жимайлов.

Сонымен қатар ол биыл Алакөлге қатынайтын пойыздардың барлығы салқындатқыш құралымен қамтамасыз етілетінін мәлімдеді.

Биыл Алакөлге 210 мың шамасында жолаушы тасымалдауды жоспарлап отырмыз. Былтыр Алакөлге баратын пойыздарда салқындатқыш жоқ деген шағымдар айтылған, бұл олқылықты жойдық, вагондардың барлығы салқындатқыш құралымен қамтылған. Оған қоса бұл бағытта жүретін пойыздар саны 11-ге дейін көбейді, оның ішінде екеуі тальго жүрдек пойызы. Сондай-ақ Алакөл бағытында жұмыс істейтін екі жекеменшік тасымалдаушы бар,-деді ол.

Еліміздегі «Тұлпар» зауытында құрастырылып жатқан вагондардың барлығы салқындатқышпен қамтылған. Одан бөлек әр орында телефон қуаттауға мүмкіндік жасалған.
 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы