Поштамен жөнелтілген есірткіге тосқауыл қойылды

Есірткі және психотроптық заттарды жеткізу арналары, соның ішінде пошталық жөнелтілімдер арқылы тасымалдау жолдары толығымен бұғатталуда, деп хабарлайды BAQ.KZ Бас прокуратураға сілтеме жасап.
Прокуратура қызметкерлері пошта бөлімшелерінің қызметкерлерімен тұрақты кездесулер өткізіп, оларға есірткі және психотроптық заттардың ерекшеліктері, иістері және белгілері туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.
Сарыарқа ауданының прокуратурасының үйлестіруімен жедел-іздестіру іс-шаралары барысында, полиция қызметкерлері, "Қазпошта" АҚ қауіпсіздік қызметі мен Астана қаласы бойынша ҰҚК-нің Департаменті өкілдерінің бірлескен жұмысы нәтижесінде АҚШ-тан келген жөнелтілімді алған күдікті тұлға ұсталды.
Күдіктіні жеке тінту барысында жалпы салмағы 569,13 грамм болатын екі пакетке салынған каннабис сығындысы (гашиш майы) алынды. Аталған факт бойынша ҚК-ң 286-бабының 4-бөлігі (айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың аса ірі мөлшерде контрабандасы) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп, қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысы бар кінәлі тұлғалар анықталуда.