Ведомствоның мәліметінше, жедел іздестіру шаралары барысында Астанада тұратын 32 жастағы ер адамның Таиландтан үш халықаралық пошта жөнелтілімі арқылы каннабис сығындысын заңсыз әкелгені анықталған.
Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы шамамен 2,9 келіні құрап, аса ірі мөлшер санатына жатады. Тергеу кезінде күдіктінің уақытша тұрған мекенжайына тінту жүргізіліп, сатуға дайындалған есірткілер, электронды таразылар, қаптама материалдары, SIM-карталар, ақша қаражаты және іске қатысты басқа да заттай дәлелдемелер тәркіленді.
Жиналған дәлелдердің негізінде сот ер адамды аса ірі көлемдегі есірткі контрабандасын жасағаны үшін кінәлі деп танып, 16 жылға бас бостандығынан айырды.
Жыл басынан бері Көліктегі полиция департаменті есірткіге қатысты 202 құқық бұзушылықтың жолын кескен. Оның ішінде 41 есірткі өткізу, 6 аса ірі көлемде сақтау және 16 контрабанда дерегі тіркелген. Заңсыз айналымнан жалпы салмағы 172 келіден асатын есірткі тәркіленді