Португалия жанкүйерлерінің 70 пайызы Роналдуға қарсы дауыс берген
Португалиялық A Bola басылымы Криштиану Роналду Швейцарияға қарсы матчта негізгі құрамда болуы керек пе, жоқ па деген сауалнама жүргізген, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
Нәтижесінде сауалнамаға қатысқандардың 70 пайызы қарсы болған.
Ертең әлем чемпионатының 1/8 кезеңінің матчтары жалғасады.
Еске салайық, Роналду Катардағы додада тек Ганаға қарсы ойында пенальтиден бір гол соқты.
Әлем біріншілігінде Португалия құрамасы плей-офф кезеңіне сәтті шықты. Топтық кезеңде Гана мен Уругвайдан басым түсті. Алайда соңғы ойында Оңтүстік Кореядан жеңіліп қалды.
Бұған дейін Роналду Португалия құрамасының бапкері Фернанду Сантуштың әрекетіне көңілі толмайтынын айтқан еді. Оның себебі, әлем чемпионатындағы әрбір матчтың екінші жартысында ойыншыны ауыстырып отыруы себеп болуы мүмкін.
Әлем чемпионатының алдында Роналду резонансты сұхбат берді, содан кейін «Манчестер Юнайтед» келісімшартын бұзды. Қазіргі таңда 37 жастағы Роналду - еркін агент.