Польшада Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған кітап жарық көрді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның Польшадағы елшісі Әлім Қирабаев «Польша - Шығыс» ынтымақтастық қоғамының төрағасы Юзеф Брыльмен және «Менің Қазақстаным» қауымдастығының төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының достық елшісі, Польшаның Қазақстандағы бұрынғы елшісі Владыслав Соколовскиймен кездесті.
Кездесу барысында Ю.Брыль Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған кітапты ұсынды. Кітап елші В.Соколовскийдің ғылыми редакциясымен Қоғамның баспасында дайындалған және «Польша-Қазақстан саясаттану зерттеулер» баспа сериясының жалғасы болып табылады.
Кітапта Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласы, Қазақстан мен Польшаның жетекші талдау орталықтары басшылары мен сарапшыларының, соның ішінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен елімізде жүргізіліп жатқан реформалар жөнінде ғылыми мақалалары жарияланған.
Өз кезегінде елші Ә.Қирабаев Қоғам мен Қауымдастықтың екіжақты қарым-қатынастарды нығайтуға белсенді атсалысқаны үшін ризашылығын білдірді.
Тараптар 2022 жылы Қазақстан мен Польша арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жылдығын мерекелеу мақсатында ғылыми және мәдени іс-шаралар өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізді. Атап айтқанда, ағымдағы жылдың мамыр айында аталған күнге, сондай-ақ ҚР Президентінің «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауының негізгі мазмұнын сараптамалық талқылауға арналған ғылыми-тәжірибелік конференция жоспарлануда.