Польшада оқитын қазақ қызы: Шетелдегі өмір мен поляктардың мәдениеті жайлы
Қазақ жастарының арасында шетелде білім алуға қызығушылық артып келеді. Варшавада оқып жүрген отандасымыз Жанерке Қанатқызы Польшадағы білім беру жүйесі, студенттерге жасалған жағдай және мәдени айырмашылықтар жайлы BAQ.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.
– Жанерке, сұқбатымызды алдымен Варшаваға қалай барғаның жайлы әңгімеден бастасақ? Бұл қалаға таңдау жасауыңа не әсер етті?
– Мен Польшаға үкіметаралық грант арқылы, NAWA бағдарламасы бойынша түстім. Бұл бағдарлама жыл сайын "Болашаққа" 11 грант бөледі: оның ішінде 4 – докторантураға, 3 – магистратураға және 4 – бакалавриатқа арналған.
Алдымен бір жыл бойы тілдік дайындықтан өттім. Поляк тілін Краков қаласындағы Ягеллон университетінде оқыдым. Бұл кезеңде тек тіл үйреніп қана қоймай, елдің мәдениеті мен өмір салтына бейімделдім.
Одан кейін докторантура бағдарламасына Варшава университетін таңдадым. Себебі бұл – Польшадағы ең ірі әрі беделді жоғары оқу орны, ғылыми зерттеу мүмкіндіктері кең, халықаралық байланыстары да мықты. Варшава университетінде оқу маған кәсіби тұрғыдан дамуға және шетелдік тәжірибе жинауға үлкен мүмкіндік береді.
– Қазір қай мамандық бойынша білім алып жатырсың? Сабақтарың қалай өтеді?
– Мен қазір археология мамандығы бойынша докторантурада оқып жүрмін. Нақтырақ айтқанда, зерттеу бағытым – эксперименталдық археология және трассология.
Трассология – археология ғылымындағы әдіс, ол тас дәуірінде қолданылған құралдардың бетінде қалған жұмыс ізі мен тозу белгілерін зерттейді. Бұл тәсіл арқылы ежелгі адамдардың құралды қалай, не үшін және қандай материалдарға пайдаланғанын анықтауға болады.
Менің ғылыми жетекшім – Katarzyna Pyżewicz, ол кремнийден жасалған құралдардың технологиясы мен қолданылуын терең зерттейтін, палеолит пен мезолит дәуірінің көрнекті зерттеушісі. Ғалым use-wear analysis пен experimental archaeology әдістерін қолданып, ежелгі қоғамдардың еңбек дағдыларын, олардың құралдары арқылы өмір салтын қайта қалпына келтіруге үлкен үлес қосып келеді. Сондықтан одан үйрену, үлгі алу мен үшін өте маңызды.
Сабақтар мен зерттеу жұмыстары лекция, семинар, практикалық талдаулар және ғылыми жобалар түрінде өтеді. Бізге дербес зерттеу жүргізу, мақалалар жазу және халықаралық конференцияларға қатысу міндетті. Сонымен қатар, археологиялық экспедициялар мен зертханалық тәжірибелер білімімнің ең қызықты бөлігі.
– Университет пен оқыту жүйесінде Қазақстаннан қандай айырмашылық бар деп ойлайсың?
– Польшадағы оқыту жүйесінің басты ерекшелігі – студенттің өзіндік дербестігіне үлкен мән беріледі. Оқытушылар бағыт-бағдар көрсетеді, ал негізгі ізденіс пен дайындық студенттің өз мойнында. Сабақтар лекция, семинар, пікірталас, практикалық жұмыс түрінде, кейде далалық экспедициялар арқылы өтеді.
Сонымен қатар, мұнда әр студент өз қызығушылығына қарай қосымша пәндер мен тілдік курстарды таңдай алады. Бұл студентке жеке білім траекториясын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Польшадағы білім беру деңгейлері мынадай жүйемен ұйымдастырылған:
• Бакалавриат – 3 жыл,
• Магистратура – 2 жыл,
• Докторантура – 4 жыл.
Тағы бір үлкен айырмашылық – университет ішіндегі гранттардың көптігі. Студенттерге шетелге барып тәжірибе жинауға қаржылай қолдау көрсетіледі, ғылыми мақалаларды ақылы түрде жариялауға көмектеседі. Бұдан бөлек, тегін семинарлар, спорттық іс-шаралар және басқа да мүмкіндіктер қарастырылған.
Жалпы, Польшада білім алуға өте қолайлы жағдай жасалған: кітапханалар мен зертханалар заманауи құралдармен жабдықталған, халықаралық байланыстар кең, студенттердің ғылымға араласуына барынша жағдай жасалған.
– Варшавадағы алғашқы әсерің қандай болды?
– Варшаваға алғаш келгенімде қаланың тыныштығы мен тазалығы қатты әсер етті. Басқа елдерге қарағанда мұндағы инфрақұрылым өте мықты дамыған: метро, автобус, трамвай сияқты қоғамдық көліктер ыңғайлы, адамдардың мәдениеті жоғары – шуламайды, ерсі қылық көрсетпейді.
Қаланың ерекше бір қыры – онда халықаралық компаниялар өте көп, сондықтан көпұлтты орта қалыптасқан. Әлемнің әр түкпірінен келген адамдар осында жұмыс істеп, оқып жатыр. Бұл студент үшін жаңа мәдениеттермен танысуға үлкен мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Варшавада тарихи ғимараттар мен заманауи сәулет үйлесім тапқан. Ескі қаладағы сәулет өнері мен Висла өзенінің жағалауы бірден баурап алды. Жалпы алғанда, Варшава маған жай ғана астана емес, ғылым, мәдениет пен мүмкіндіктер тоғысқан орталық болып көрінді.
Қалада студенттерге өмір сүру қаншалықты ыңғайлы?
– Варшавада студент ретінде өмір сүру өте ыңғайлы. Қоғамдық көлік жүйесі жақсы дамыған: метро, автобус, трамвай уақытылы жүреді және студенттерге арналған жол жүру жеңілдіктері бар. Қалада кешкі уақыттарда да қауіпсіз жүре аласың.
Тұрғын үй мәселесіне келсек, жатақханалар қолжетімді, бірақ кейбір студенттер пәтер жалдап тұрады. Пәтер бағасы Еуропаның басқа астаналарымен салыстырғанда әлдеқайда қолайлы.
Қалада студенттерге арналған кітапханалар, оқу залдары, тегін семинарлар мен спорттық шаралар көп ұйымдастырылады. Сондай-ақ, халықаралық фирмалардың көп болуы – тәжірибеден өтуге және жұмыс табуға мүмкіндік береді.
Жалпы айтқанда, Варшава – студентке білім алып қана қоймай, өзін жан-жақты дамытуға өте қолайлы қала.
– Польша астанасының қай жері саған ерекше ұнайды?
– Маған Варшаваның ең ұнайтын жерлері – Ескі қала (Stare Miasto) және Висла өзенінің жағалауы. Ескі қала өзінің тарихи атмосферасымен, көне ғимараттарымен ерекше әсер қалдырады. Ал Висла бойымен серуендеу, әсіресе жаз айларында, керемет демалыс сыйлайды.
Сонымен қатар, Варшава жасыл аймақтарға бай қала. Łazienki Królewskie саябағы мен Wilanów сарайы – табиғат пен тарих тоғысқан ерекше орындар. Заманауи орталықтар да назар аударарлық: биік ғимараттар, Мәдениет сарайы мен халықаралық фирмалар орналасқан бизнес аудандары қаланың заманауи келбетін көрсетеді.
Тағы бір артықшылық – Варшаваның географиялық орналасуы. Мұнда Еуропаның көптеген астаналарына ұшақпен тез әрі арзан жетуге болады. Студенттер үшін бұл – саяхаттап, басқа елдердің мәдениетімен танысуға үлкен мүмкіндік.
– Дос тауып үлгердің бе?
– Варшавада оқып жүрген қазақ жастары үшін жаңа достар табу қиын емес. Университетте поляк студенттерімен де, басқа елдерден келген жастармен де араласуға мүмкіндік бар. Олар қазақ мәдениетіне қызығушылықпен қарап, ұлттық тағамдар мен дәстүрлер туралы жиі сұрайды.
Қазақ студенттері өзара да байланыста: ұлттық мерекелерді бірге атап өту, ойын-сауық кештерін ұйымдастыру дәстүрге айналған. Әлеуметтік желілерде ортақ чаттар бар, онда түрлі сұрақтар қойылып, қажетті ақпаратпен бөлісу арқылы бір-біріне қолдау көрсетіледі. Мұндай орта шетелде оқып жүрген жастар үшін үлкен демеу әрі мотивация болып саналады.
– Польша халқы қалай тұрады, әлеуметтік жағдайы қалай? Отбасы құндылығы, бала тәрбиесіне қалай көңіл бөледі?
– Польша халқының тұрмыс деңгейі тұрақты әрі салыстырмалы түрде жоғары. Әлеуметтік қорғау жүйесі жақсы дамыған: денсаулық сақтау, білім алу және зейнетақы мемлекет тарапынан қамтамасыз етіледі. Орташа жалақы шамамен 1500–2000 еуро аралығында, ал ең төменгі жалақы 2025 жылдан бастап айына 4300 злотый шамасында белгіленген. Зейнетақы мөлшері еңбек өтіліне байланысты тағайындалады, қарт адамдарға қосымша әлеуметтік жәрдемақы төленеді.
Отбасыға қолдау көрсету де маңызды бағыт. Әр балаға 18 жасқа толғанға дейін ай сайын 800 злотый көлемінде жәрдемақы беріледі. Бұл ата-аналарға үлкен көмек әрі бала тәрбиесіне жағдай жасауға бағытталған әлеуметтік саясат.
Поляктар үшін отбасы құндылығы бірінші орында. Мысалы, жексенбі күндері ірі сауда орталықтары жұмыс істемейді. Бұл уақытты олар арнайы отбасыға арнап, бірге таңғы ас ішіп, серуендеп немесе бірге уақыт өткізуге пайдаланады.
Бала тәрбиесінде тәртіпке, еңбекқорлыққа және мәдениеттілікке үйретуге басымдық беріледі. Сонымен қатар әр бала өз ойын еркін айтуға, қызығушылықтарын дамытуға мүмкіндік алады. Бұл қоғамда отбасылық құндылықтың қаншалықты жоғары екенін көрсетеді.
– Буллинг, зорлық-зомбылық, педофилия мәселесі ше?
– Польшада бұл мәселелер қоғам назарында және мемлекет тарапынан қатаң бақылауда.
Буллингке қарсы мектептер мен университеттерде алдын алу бағдарламалары бар. Әр оқу орнында психологтар жұмыс істейді. Оқушылар мен студенттердің қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінеді, буллингке жол берілсе, әкімшілік пен мұғалімдер дереу шара қолданады.
Зорлық-зомбылыққа қарсы заң өте қатаң. Ең бастысы – Польшада “Niebieska Karta” (Көк карта) атты арнайы жүйе бар. Егер әйел зорлық-зомбылыққа ұшыраса, тіпті ол арыз жазбаса да, мемлекет өзі іс қозғап, құқық қорғау органдары іске араласады. Жәбірленушілерге арналған дағдарыс орталықтары мен әлеуметтік көмек қызметтері бар.
Педофилия ең ауыр қылмыстардың бірі болып саналады. Мұндай қылмыс үшін қатаң жаза қолданылады. Балаларды қорғау үшін арнайы ұйымдар жұмыс істейді, БАҚ пен қоғам бұл тақырыпқа өте сергек қарайды.
Жалпы, Польшада буллинг пен зорлық-зомбылықты азайтуға бағытталған кешенді шаралар іске асады, ал педофилияға қатысты ең қатал саясат жүргізіледі. Бұл мемлекет пен қоғамның балалар мен әйелдердің қауіпсіздігін бірінші орынға қоятынын көрсетеді.
– Бір сөзіңде кітап оқуға және кітапханаға ерекше көңіл бөлінетінін айттың. Варшава кітапханалары жайлы толығырақ түсіндіріп берші...
– Варшава университетінің басты кітапханасы – BUW (Biblioteka Uniwersytecka w Warszawie). Бұл тек кітапхана ғана емес, студенттер мен қала тұрғындары үшін мәдени және ғылыми орталық болып саналады.
BUW-тың ерекшеліктері:
• Заманауи архитектурамен салынған ғимарат, ішінде жайлы оқу залдары, топтық жұмысқа арналған бөлмелер бар.
• Жинақ қоры өте бай: онда миллиондаған кітап, қолжазба, ғылыми мақала мен электронды ресурс сақталған.
• Студенттерге тәулік бойы жұмыс істейтін оқу орындары қарастырылған, емтихан кезеңінде кітапхана түнгі уақытқа дейін ашық болады.
• BUW тек оқу орнына арналған емес: қала тұрғындары мен қонақтары да абонемент ашып, кітап оқи алады.
Ең ерекше бөлігі – шатырдағы бақ (ogród na dachu BUW). Ол Варшаваның ең әдемі орындарының бірі саналады. Студенттер сабақ арасында кітапхананың төбесіне шығып, жасыл бақта серуендеп, қаланың әдемі көрінісін тамашалай алады.
Сондықтан BUW – тек білім мен ғылым орталығы ғана емес, студенттердің бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасайтын мәдени кеңістік.
– Польша асханасының қандай тағамы ұнады?
– Польша асханасы студенттерге жатсынбай қабылданады, өйткені кейбір тағамдары қазақтарға таныс. Мысалы, пироги – біздің вареникиге ұқсайды. Оның ішіне еттен бөлек құлпынай сияқты түрлі жемістерді немесе картоп, саңырауқұлақ секілді қосындыларды салады. Алғашқыда дәмі біртүрлі көрінуі мүмкін, бірақ уақыт өте үйреніп кетесің.
Ең сүйікті тәттілердің бірі – сырник. Бұл – ірімшіктен жасалатын дәмді тағам, таңғы асқа да, шайға да өте жарасады. Сонымен қатар журек (қышқылдау сорпа) пен бигос (қырыққабыршақ пен ет қосылған тағам) да кең таралған.
Жалпы поляк асханасы әрі дәмді, әрі бағасы қолжетімді болғандықтан, студенттер арасында жиі тұтынылады.
– Қазақтар дастарханынан етті үзбейтін халық қой. Өзіміздің ұлттық тағамдарды сағынатын шығарсың?
– Шетелде жүргенде ұлттық тағамдарды қатты сағыну табиғи нәрсе. Әсіресе ет тағамдары – ет, қазы-қарта, бауырсақ пен қымыздың орны бөлек.
Польша асханасы әртүрлі болғанымен, оған толық үйреніп кету оңай емес. Себебі көп тағамында шошқа еті пайдаланылады, ал оны жемеу кейбір студенттер үшін қиындық туғызады. Сол себепті Қазақстандағы үйдің дәмін жиі еске аласың.
– Қазақтың тағамдарын Варшавада табуға немесе әзірлеуге мүмкіндік бар ма?
– Толық қазақ асханасын табу қиын, бірақ кейбір ұқсас тағамдарды жеуге мүмкіндік бар. Варшавада өзбек асханалары жұмыс істейді, сондықтан мәнті, палау, түрлі сорпаларды табуға болады. Бұл тағамдар қазақтың ұлттық асханасына жақын болғандықтан, үйдің дәмін еске салады.
Ал кейбір қазақ тағамдарын өзіміз әзірлей аламыз. Жергілікті дүкендерде ет, ұн, сүт өнімдері мол, сондықтан бауырсақ, тұшпара сияқты қарапайым тағамдарды пісіру қиын емес. Дегенмен қазы, қымыз, шұбат сияқты ұлттық өнімдерді табу оңайға соқпайды. Тағы бір қиындық – Қазақстаннан ет пен сүт өнімдерін алып келуге болмайды, ол заңмен қатаң қадағаланады. Сондықтан қазы, қымыз сияқты ұлттық тағамдарды мүлде таба алмайсың. Осы себепті студенттер ұлттық асхананы қатты сағынады.
– Шетелде оқығысы келетін жастарға қандай кеңес берер едің?
– Шетелде білім алғысы келетін жастарға ең басты кеңес – тілді меңгеру. Ағылшын тілін жақсы білу, ал барған елдің тілін үйренуге дайын болу – үлкен артықшылық.
Сонымен қатар алдын ала университеттер мен бағдарламалар туралы толық ақпарат жинап, грант немесе шәкіртақы мүмкіндіктерін қарастыру қажет. Құжат дайындау кезінде ұқыпты болған дұрыс.
Жаңа ортаға бейімделу үшін ашық мінез, белсенділік пен шыдамдылық керек. Бейтаныс елде өзін жалғыз сезінбей, достар тауып, студенттік ұйымдарға қатысу да пайдалы.
Тағы бір маңызды кеңес – тек оқумен шектелмей, бос уақытты тиімді пайдаланып, саяхаттап, жаңа мәдениетті танып-білу. Бұл тәжірибе тек мамандық емес, өмірлік көзқарасты да кеңейтеді.
– Варшавадағы студенттік өміріңнен алған ең үлкен тәжірибең не деп айтар едің?
– Варшавадағы студенттік өмірден ең үлкен тәжірибе – дербестік пен жауапкершілікті үйрену. Әр студент өз уақытын тиімді жоспарлап, ізденіс пен зерттеуді өз бетімен жүргізеді. Халықаралық ортада оқу – түрлі елдің студенттерімен араласуға, мәдени алмасуға жол ашады. Бұл тек тілдік тәжірибе емес, сонымен бірге басқа халықтың дәстүріне құрметпен қарауды үйретеді. Сонымен қатар, ғылыммен айналысуға мүмкіндік мол: жобаларға қатысу, мақалалар жариялау, конференцияларға шығу кәсіби дамуға айрықша ықпал етеді.
Ең маңыздысы – білім алып жатқан елдің тілін үйрену, оның мәдениеті мен заңын құрметтеу қажеттігін түсінесің. Бұл жаңа ортаға бейімделудің, табысты білім алудың және шетелде жақсы өмір сүрудің басты шарты.
– Болашақта Қазақстанға оралуды ойлайсың ба, әлде Польшада қалып жұмыс істеу жоспарың бар ма?
– Бұл сұраққа нақты жауап беру қиын, өйткені бәрі алдағы жағдайға байланысты. Польшада ғылыми орта жақсы дамыған, археология саласында заманауи зертханалар мен халықаралық жобалар көп, сондықтан мұнда қалып тәжірибе жинақтау үлкен мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Қазақстанға оралып, шетелде алған білім мен тәжірибені ел игілігіне пайдалану – маңызды мақсаттардың бірі. Археология, тарих, мәдени мұра салаларына жаңа әдістер мен зерттеу тәсілдерін енгізу арқылы қазақстандық ғылымға үлес қосуға болады.
Яғни, басты жоспар – білім мен тәжірибені барынша молайтып, кейін оны қай елде болса да тиімді пайдалану.
– Уақыт бөліп, сұрақтарыма жауап бергеніңе рақмет!