Польшада атыстан алты адам қаза тауып, 15-і жараланды
Полиция қызметкерлері күдіктіні ұстау кезінде оған оқ атып, жарақат алған соң ауруханаға жеткізген.
7 қарашада Польшаның Краков қаласының орталығында қарулы шабуыл болып, салдарынан алты адам қаза тауып, тағы 15 адам жарақат алды. Зардап шеккендердің арасында екі полиция қызметкері бар.
DW порталының хабарлауынша, оқиға қаланың тарихи орталығындағы Бас базар алаңында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, көлікпен келе жатқан ер адам кездейсоқ өтіп бара жатқан адамдарға оқ атқан. Сондай-ақ ол жақын маңдағы трамвайға да оқ жаудырған. Алайда жолаушылар мен жүргізуші зардап шеккен жоқ.
Полиция қызметкерлері күдіктіні ұстау кезінде оған оқ атып, жарақат алған соң ауруханаға жеткізген. Құқық қорғау органдары оның Польша азаматы екенін растады.
Қазіргі уақытта полиция шабуылдың мән-жайы мен себептерін анықтап жатыр. Елдің премьер-министрі Дональд Туск оқиға туралы Ішкі істер министрінен жедел ақпарат алып отырғанын мәлімдеді.