Полковник сарбаздың өмірін сақтап қалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі хабарлады.


2019 жылдың 19 маусымы күні, сағат 10-дар шамасында Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметін 2027 әскери бөлімінің мерзімдік әскери қызметке 2019 жылдың көктемінде шақырылған сарбаздарымен «Ұрыстық қол гранатасын оқпанадан (окоптан), бір орыннан лақтыру» тақырыбы бойынша сабақ өткізіліп жатқан. Бұл өте жоғары жауапкершілік пен басшылар тарапынан қырағылықты талап ететін жаттығулар. Өйткені лақтырылатын нәрсе күнделікті жаттығулардағыдай гранатаның муляжы емес, нағыз ұрыстық қол гранатасы болды. 
  
"Сарбаздар алдын ала мұқият үйретіліп, автоматизмге дейін жеткізілген іс-қимылдарды кезегімен орындау үстінде еді. Алайда, кезекті сарбаз сасқалақтап, қолындағы лақтыруға дайындап, шығыршығын суырып қойған гранатасын аяғының астына түсіріп алған. Осыны байқап үлгерген сабақ жетекшісі, 2027 әскери бөлімі командирінің тәрбие жөніндегі орынбасары полковник Смицких Сергей Викторович көз ілеспес жылдамдықпен оқпана түбіндегі гранатаны іліп алып, қауіпсіз жерге лақтырып бір мезгілде сарбазды жерге құлатып, өзі бүткіл денесімен оны жаба, үстіне құлаған.

Жарылған гранатаның жарықшақтары оқпанаға дейін жетіп,полковник Смицких С.В. екі аяғынан және екі қолының сыртынан, сарбаз екі аяғы мен сол жақ жауырынынан жарақаттар алды. Егер тәжірибелі тәлімгер, полковник Сергей Смицкихтің салқын қандылығы мен шапшаңдығы болмағанда оқиғаның салдарын көзге елестету де қиын болар еді", - делінген таратылған ақпаратта.

Сабақ болып жатқан жерде кезекшілікте болған әскери дәрігер алғашқы дәрігерлік көмек көрсеткеннен кейін жараланған сардар мен сарбаз Іле ауданы Өтеген Батыр кентінің орталық аудандық ауруханасына жеткізіліп, әрі қарай Алматы қаласындағы ҰҚК орталық әскери госпиталіне жөнелтілді. Қазіргі уақытта жағдайлары қанағаттанарлық, өмірлеріне төнер қауіп жоқ.     
     

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы