Полковник: Коронавирус әскери ынтымақтастықты қалыптастыруға кедергі емес
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жалпы, Қазақстанның шет мемлекеттермен әскери ынтымақтастығы COVID-19 пандемиясынан зардап шеккен жоқ. Қорғаныс министрлігі Халықаралық ынтымақтастық департаментінің басшысы полковник Олжас Құсайынов осылай деді.
Сонымен қатар Олжас Құсайынов «Ресейдегі әскери білім берудің ерекшеліктері қандай? Ливандағы БҰҰ-ның құрамындағы Қазақстан контингенті қашан ауысады? Елімізге әскери мүлікті қай ел тегін береді?» деген сауалдарға жауап берген еді.
- Халықаралық әскери ынтымақтастыққа пандемияның әсері жөнінде айтсаңыз?
- COVID-19 пандемиясы барлық жоспарды қайта қарауға және коронавирус инфекциясының таралуына байланысты шектеулерді ескере отырып, оларды өзектілігін арттыруға мәжбүр етті. Бірқатар іс-шаралар кейінге қалдырылды, кездесулер өткізу форматы мүмкіндігінше онлайн-режимге өзгертілді.
Сонымен бірге, 2020 жылы әлемдегі пандемия жағдайына қарамастан, әскери ынтымақтастық белсенділігін жойған жоқ. Қазақстан серіктестерімен барлық негізгі бағытта екіжақты және көпжақты ұстанымда өзара іс-қимыл жасалды.
Өткен жылы Қазақстанға Ресей мен Түркияның Қорғаныс министрлері, армия генералдары Сергей Шойгу мен Хұлуси Акар, сондай-ақ АҚШ Қарулы Күштері Орталық қолбасшылығының қолбасшысы генерал Кеннет Маккензи ресми сапармен келіп, әскери ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.
Алғаш рет үш ұйым шеңберінде 2020 жылғы 4 қыркүйекте Мәскеуде ТМД, ШЫҰ және ҰҚШҰ-ға қатысушы елдердің қорғаныс ведомстволары басшыларының бірлескен отырысы өтті.
Іс-шара барысында Қазақстанның Қорғаныс министрі генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев Қарулы Күштерді бірлескен оқу-жаттығу сценарийін кеңейту жөнінде бастама көтерді. Оның ішінде төтенше жағдайлардың салдарын жоюға тарту мәселелерін пысықтау да бар.
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына орай Мәскеуде Қызыл алаңда өткен парадқа қатысты, оған құрметті қонақ ретінде ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та барғанын өзіңіз жақсы білесіз.
- 2020 жылы Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі шарт ұйымының аясында өтетін бірқатар оқу-жаттығуы тоқтатылды. Ал басқа оқу-жаттығуларға Қазақстан Қарулы Күштеріне қысқартылған форматта қатысу ұсынылды. Биыл толық құраммен қатысасыздар ма, әлде әлі де формат сақтала ма?
- 2020 жылы пандемияны ескере отырып, Қазақстан Қарулы Күштерінің өкілдері қысқартылған құрамда ҰҚШҰ-ның шеңберіндегі «Эшелон», «Мызғымас бауырластық», «Өзара іс-қимыл» бірлескен оқу-жаттығуларына қатысты.
2021 жылы Тәжікстан Республикасында «Өзара іс-қимыл», «Эшелон» және «Іздеу» оқу-жаттығулары өтеді. Санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақтанған жағдайда біздің сарбаздар жоспарға сай толық құраммен қатысады. Осы орайда 2022 жылы бұл оқу-жаттығулар Қазақстанда өтетінін де айта кеткім келеді.
Жалпы, Қазақстанның Қарулы Күштері ҰҚШҰ аясындағы бірлескен оқу-жаттығулар, жаттықтырулар өткізу тәжірибесін жалғастыруға мүдделі. Бұл ұжымдық қорғанысты тиімді қамтамасыз ету, коалициялық мүмкіндіктерді және әскери қауіпсіздікті қамтамасыз етудің ұжымдық жүйелерінің әлеуетін дамыту үшін Ұйымға мүше елдер қарулы күштерінің жедел үйлесімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
- ҰҚШҰ шеңберінде ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі – кадр дайындау. Қазақстанның әскери қызметшілері қай елдерде қандай бағытта білім ала алады?
- Жыл сайын Ресей мен Беларусь елдерінің әскери оқу орындарына әскери қызметшілер ақысыз және жеңілдікпен оқуға жіберіледі. Ресейдің әскери оқу орындарында қажеттіліктерге қарай Қарулы Күштердің барлық түрінен мамандар дайындаймыз. Мұның бәрі тегін.
- Қазақстанға Ресейдің әскери білімі не себепті өзекті?
- Әскери білім – жалпы Қорғаныс министрлігінің халықаралық ынтымақтастығының басым бағыттарының бірі. Біз кадр даярлау саласындағы негізгі қажеттіліктерді ескере отырып, осы саладағы барлық ұсынысты маңызды деп санаймыз. Шетелде оқу – жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі және қосымша кәсіптік білім беру бағдарламалары бойынша жүзеге асырылады.
Ресейдің біліміне келетін болсақ, біздің елдерімізде Қарулы Күштердің күнделікті тыныс-тіршілігін басқару жүйесі ұқсас, техника мен қару-жарақтың үлгілері де бірдей. Қолданатын техника, қару-жарақты үйренген дұрыс деп ойлаймын. Осы тұрғыда Қазақстанның Қарулы Күштері Ресейде кадр даярлауды одан әрі жалғастыруға мүдделі.
- Қазақстан-Ресей ынтымақтастығына толығырақ тоқталсақ. Өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары қандай?
- Негізгі бағыттар жауынгерлік даярлық, әскери-техникалық ынтымақтастық, кадр даярлау. Жауынгерлік даярлық ауқымындағы ынтымақтастық екі елдің әскери контингенттерін екіжақты да, көпжақты да нысанда өтетін түрлі бағыттағы оқу-жаттығуларға қатыстыру. Ресейлік әріптестерімен бірге штабтар деңгейінде де, жаттығуларға, жиындарға, жаттықтыруларға тікелей қатысу кезінде де әскери, жауынгерлік оқу-жаттығу тапсырмалары пысықталады.
2021 жылы Қазақстанның Әскери-теңіз күштері Ресей әскери-теңіз флотының күштерімен бірге практикалық іс-қимылдарға қатысады.
Екі елдің қорғаныс ведомстволары басшыларының уағдаластықтары негізінде өтетін екіжақты іс-шаралардың форматы ұдайы ұлғайып келеді. Жақында Әскери-теңіз күштері Каспийдегі ресейлік әріптестерімен бірге тұрақты негізде іс-шаралар өткізе бастағанын атап өткім келеді. Осы негізде бірлескен практикалық іс-қимылдар пысықталады.
Қазақстан мен Ресейдің қорғаныс ведомстволары екі елдің министрлері бекіткен екі жақты жоспарларға сәйкес өзара іс-қимыл жасайды. Сондай-ақ біздің әскери ынтымақтастығымыз басқа да бағдарламалық құжаттарға негізделеді.
Қорғаныс ведомстволары басшыларының, сондай-ақ халықаралық әскери ынтымақтастық аясында жетекшілік ететін министрлердің орынбасарлары деңгейінде құрылған Кеңес беру институттарының тұрақты кездесулері де маңызды.
- 2015 жылғы Әскери-техникалық ынтымақтастық туралы шарт аясында Ресейден Қазақстанға қандай қару-жарақ жеткізілді?
- Бұл шарт негізінде Ресей армиясынан құны мен жасақталуы бойынша жаңартылған қару-жарақты Қазақстанға жеткізуге мүмкіндік береді. Мысалы, Қазақстан ТМД елдері ішінен алғашқы болып Ресейден Су-30СМ жойғыштарын, Ми-171Ш және Ми-35 әскери-көлік және жауынгерлік тікұшақтарын жеңілдікпен сатып алды. С-300 зениттік-зымыран кешендерін ақысыз алды.
- ТМД-мен ынтымақтастық аясында қандай оқу-жаттығулар өткізілмек?
- Биыл тамыз бен қыркүйек айларында Қазақстандағы (Сарышаған) және Ресейдегі (Ашулук) полигондарында «Жауынгерлік достастық» әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің оқу-жаттығуын жауынгерлік атыспен өткізу жоспарлануда. Бұл оқу-жаттығу екі жылда бір рет өткізіледі.
- Өткен жылы Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында өтетін «Бейбіт миссия» оқу-жаттығуы өтпей қалған еді...
- ШЫҰ-ның «Бейбіт миссия» оқу-жаттығуы екі жылда бір рет өткізіледі. 2020 жылы аталған оқу-жаттығу Ресей аумағында жоспарланған болатын. Дегенмен ол өткізілген жоқ, бірақ 2021 жылға ауыстырылды. Айтпақшы, 24-26 ақпанда Орынборда оқу-жаттығуды ұйымдастыру және дайындау бойынша алғашқы штабтық келіссөздер жүргізілді.
- 2018 жылы қазан айының соңында 120 сарбаздан құралған бітімгерлер ротасын Үнді бөлімшесінің құрамында БҰҰ-ның Ливандағы миссиясын атқаруға жіберді. Келесі ротация қашан басталмақ?
- 2018 жылдан бастап БҰҰ-ның Ливандағы миссиясына қатысуы тарихи қадам болды. Бұл миссия Қазақстанның әскери қызметшілеріне маңызды машықтар мен тәжірибе алуға мүмкіндік берді.
2021 жылы Үнді тарапымен жасалған уағдаластықтарға сәйкес наурыз-сәуір айларында Қазақстан контингенттің Ливандағы БҰҰ-ның миссиясына баратын бесінші ауысымы жүргізілетін болады. Қазақстан бітімгершілік контингентінің Үнді батальонының құрамына Ливандағы миссияға қатысу практикасын жалғастыруға ниеттіміз. Бұл бағытта үнді тарапымен тиісті келіссөздер жүргізілуде.
- Бүкіл әлем бойынша БҰҰ-ның 14 миссиясы жұмыс істейді. Қазақстан бақылаушылары мен бөлімшелері ауқымын кеңейту жоспарда бар ма?
- Иә, мұндай ұсыныстар ел басшылығының тапсырмаларына сәйкес дайындалады. Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері Қазақстанның сыртқы саяси рөлін ескере отырып, БҰҰ-ның миссияларына жіберілетін болады. Бұл ретте қазақстандық әскери қызметшілер қайда баратыны, нақты миссияларға қажеттілікті ескере отырып, БҰҰ-мен келісімі бойынша айқындалады.
- 1994 жылы НАТО-ның Солтүстік Атлантикалық альянсқа кірмейтін орталық Азия елдерімен әскери ынтымақтастық бағдарламасы басталды. Қазақстанға бұл не үшін қажет?
- «Бейбітшілік жолындағы серіктестік» бағдарламасы бірлескен оқу-жаттығуларға қатысу, бейбітшілікті қолдау жөніндегі операцияларды жүргізуде тәжірибе алмасу арқылы ұлттық бітімгершілік әлеуетті дамыту құралы деуге болады.
Жыл сайын америка, ағылшын, қырғыз және тәжік әскери қызметшілерінің қатысуымен «Дала қыраны» бітімгершілік оқу-жаттығуы өткізіледі. Біз бұл іс-шараны – бітімгерлерді халықаралық операцияларға іс жүзінде қатысуға дайындаудың маңызды және ажырамас элементі ретінде қарастырамыз.
2019 жылы оқу-жаттығу Қазақстандағы «Іле» полигонында өтті. 2020 жылға да жоспарланған болатын, бірақ коронавирусқа байланысты жүргізілмеді. 2021 жылға ауыстырылған. Биыл біздің елде өтеді.
- Қазақстан Қарулы Күштерінің АҚШ-пен ынтымақтастығы қандай бағытта?
– Бітімгерлік дайындық, әскери білім, жауынгерлік даярлық, тиісті оқу-жаттығу орталықтарының, мекемелердің әлеуетін нығайту – басты назарда. АҚШ-пен ынтымақтастықтың нәтижесі – «Қазбат» бітімгершілік бөлімшесін «Хаммер» әскери жол талғамайтын көліктерімен қамтамасыз ету, «Хьюи» көпмақсатты тікұшақтарын жеткізу, радиостанциялармен және басқа да қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету.
Бітімгерлерді даярлау оқу-жаттығу орталығын, «Жағалау» инженерлік даярлау оқу-жаттығу орталықтарын және әскери медицина орталығын жаңарту мен дамыту жөніндегі жобалар табысты іске асырылуда.
Қарулы Күштердің бітімгершілік операцияларға қатысуын кеңейту жөніндегі жоспарларды ескере отырып, дәрігерлер, инженерлер, әскери полиция және басқа бөлімшелерді жіберу арқылы, осы салалардағы өзара іс-қимыл да ерекше өзектілікке ие болмақ.
- Соңғы жылдары Қазақстан-Біріккен Араб Әмірліктер арасындағы әскери ынтымақтастық айтарлықтай қарқын алды. Бұл елдің бізге көмегі қандай?
- Әмірліктер тарапы жауынгерлік әлеуетті дамытуға және Қазақстан армиясын жарақтандыруға ұдайы жәрдемдесіп келеді. Мысалы, аталған ел Қазақстанға автокөлік техникасы мен әскери мүлікті тегін берді.
Әскери білім беру саласында өзара іс-қимыл жолға қойылуда. 2020 жылдың күзінен бастап бұл елдің әскерилері Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінде орыс тілі курсынан өте бастады.
Сондай-ақ Қазақстанның өзге елдермен қорғаныс шеңберіндегі ынтымақтастығының басқа да маңызды жобалары туралы айтуға болады. Мәселен, Түркия, Қытай, Үндістан, Пәкістан, Франция, Италия, Германия. Соңғы уақытта Израиль, Корея, Жапония, Катармен өзара іс-қимыл күшейе түсті. Өзбекстанмен, Қырғызстанмен, Тәжікстанмен де байланыстарды нығайтуға, Түрікменстанмен қатынас орнатуға да аса мән береміз.
Қазақстан Қорғаныс министрлігі Ұлттық және ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін әскери ынтымақтастықты дамытуды жалғастырады.
- Әңгімеңізге рахмет!