Полиция қызметкерлерін тепкілеп, тас және таяқпен ұрған: Үш ер адам түрмеге қамалды
Полиция шақыртуға барған кезде күтпеген қарсылыққа тап болған. Оқиғаға қатысқан үш ер адам енді бас бостандығынан айырылды.
Бас прокуратураның наразылығы бойынша кассациялық сот билік өкілдеріне зорлық-зомбылық көрсеткені үшін кінәлі деп танылған Атырау облысының үш тұрғынына қатысты үкімін өзгертті.
Бұған дейін Қызылқоға аудандық соты Б. мен А. полиция қызметкерлеріне шабуыл жасағаны үшін 4 жылға бас бостандығын шектеу, ал Ж. – 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу туралы үкім шығарған.
Тергеудің мәліметінше, Мақат ауданында мас күйінде бір топ ер адам қоңырау шалған жерге келген полиция қызметкерлеріне белсенді түрде қарсылық көрсеткен. Оқыс оқиға кезінде қаскөйлер билік өкілдерін тепкілеп, сонымен қатар қару ретінде ағаш таяқ пен тасты пайдаланған. Нәтижесінде полиция қызметкерлерінің бірі орташа ауырлықтағы дене жарақатын алды.
Кассациялық басқарма Бас прокурор орынбасарының наразылығын қарай келе, бас бостандығын шектеу түріндегі тағайындалған жаза әділ емес және жасалған қылмыстың ауырлығына сәйкес келмейді деген қорытындыға келді.
Кассациялық сот сотталғандардың әрекеттері қоғамдық тәртіпті өрескел бұзған және полиция қызметкерінің қызметтік міндеттерін атқару кезінде денсаулығына зиян келтіргендіктен жоғары қоғамдық қауіп төндіретінін көрсетті, - деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.
Осыған байланысты сот актілері өзгертілді. Б. және А. әрқайсысына 4 жыл бас бостандығынан айыру, ал Ж. – 3 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру тағайындалды. Сотталғандар сот залында күзетпен қамауға алынды.
Тағы оқи отырыңыз: Әкімшілік кассациялық сотқа 1 жыл толды: Сот жүйесінде не өзгерді?
Кассациялық сотқа 5 мыңға жуық шағым түсті: Әкімшілік әділет институты азаматтарға не берді?