Полицияға заңсыз сақталған 1000-ға жуық атыс қаруы тапсырылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еліміздің аумағында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, атыс қаруын қолдану арқылы жасалатын қылмыстардың жолын кесу мақсатында, 10 сәуірде халықтан заңсыз айналымдағы атыс қаруларын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу акциясы басталғаны туралы ҚР ІІМ баспасөз қызметі хабарлаған болатын.

Қару-жарақтар мен оқ-дәрілерді қабылдау әр аймақтағы полиция органдарында жүргізілуде.

Республикалық бюджеттен осы мақсатқа «Заңсыз сақталған қаруды, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды ерікті түрде өтемді тапсыруды ынталандыру» бюджеттік бағдарламасы бойынша 100 млн теңге қаржы бөлінді.

Қауіпсіздік мақсатында және жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін жарылғыш заттар мен құрылғыларды тасымалдауға, ұстауға, бұл заттармен қандай да бір әрекеттер жасауға тыйым салынады (сұйықтық құюға, топырақпен көмуге, бетін жабуға, жанында тұрып электро-радио аппаратурасын қолдануға, оған температуралық, дыбыстық, механикалық, магниттік әсер етуге болмайды, жарықтың түсуін өзгертуге, темекі шегуге, мобильді байланысты қолдануға болмайды.

Егерде азаматтар жарылғыш заттар мен құрылғыларды тауып алған жағдайда, 102 немесе 112 телефон нөмірімен полиция бөліміне хабарлау қажет.

«Қазіргі уақытта азаматтар 998 бірлік атыс қаруын ерікті түрде тапсырды, оның ішінде 116 бірлік ұзын ұңғылы қару, 5 бірлік шолақ ұңғылы қару (тапанша), 869 бірлік тегіс ұңғылы қару, 8 бірлік травматикалық қару мен 32 мыңнан астам оқ-дәрі алынды. Өз еркімен атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады», - делінген ведомство хабарламасында.

ІІМ азаматтарды аталған акцияға атсалысуға шақырады.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы