Бүгiн 2026, 13:22 Фото: polisia.kz

Полицияға агрессия танытқан: БҚО-да бір топ азамат ұсталды

БҚО-да полицияның заңды талабына бағынбаған бір топ азамат ұсталды.

Әлеуметтік желілерде Ақсай қаласында полиция қызметкерлерінің заңды талаптарын орындамаған және агрессивті мінез-құлық танытқан бір топ азаматтың қатысуымен болған бейнежазба таралуда, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оқиға 29 наурыз күні шамамен сағат 05:00-де болған. Азаматтың өтініші негізінде полиция қызметкерлері мас күйдегі ер адамға қатысты тиісті шаралар қабылдаған.

Тексеру барысында оның таныстары өзін өрескел ұстап, полиция қызметкерлерінің заңды әрекеттеріне кедергі келтіріп, талаптарын елемеген.

Мас күйдегі құқық бұзушы 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. 

Агрессия танытып, қарсылық көрсеткен өзге азаматтарға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Барлық тұлға анықталып, ұсталды. 

Полиция қызметкерлеріне қысым көрсету, арандату және заңды талаптарды әдейі орындамау әрекеттері қатаң әрі принципті түрде тоқтатылады. Егер сіз полиция қызметкерлері тарапынан заң бұзушылық болды деп санасаңыз, бұл туралы “102” нөміріне немесе ІІМ-нің өзіндік қауіпсіздік қызметіне 1402 нөмірі арқылы хабарлауды сұраймыз, - деп ескертті ІІМ баспасөз қызметі.

Әрбір қатысушының әрекетіне толық құқықтық баға беріледі.

Еске салсақ, Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Есік қаласында бір топ ер адам қатысқан жанжал орын алды. Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері ескерту ретінде аспанға оқ атып, жеті адамды ұстады.