Полиция Тәуелсіздік күні ту ілген көліктерді неге тоқтатқанын түсіндірді

Полиция Тәуелсіздік күні мерекесінде патриоттық сезімін көрсеткен жүргізушілердің кейбірі мемлекеттік туды көлікке ілгені үшін емес, басқаларға кедергі жасағаны үшін жазаланғанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Тәуелсіздік күні мерекесіне орай бірқатар жүргізуші көлігін мемлекеттік тумен безендіріп, жолға шыққан болатын. Полиция олардың кейбіріне неліктен айыппұл салынғанын түсіндірді.

«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мемлекеттік туды көлікке орналастырғаны үшін жауапкершілік қарастырылмаған, алайда қауіпсіздік талаптары мен жол жүрісі қағидаларын сақтау міндетті. Бірақ кейбір азаматтар мерекелік шаралар барысында жол қозғалысы ережесін бұзып, басқа қатысушыларға кедергі жасап, көшелерді жауып тастады. Осыған байланысты полиция қызметкерлері заңға сәйкес шаралар қабылдауға мәжбүр болды», - деді ІІМ ӘПК-нің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.

Мысалы, 16 желтоқсанда Шымкент және Алматы қалаларында полиция қызметкерлері көліктерге ту ілген, алайда жол ережесін бұзған бірнеше көлікті тоқтатқан. Тексеру нәтижесінде жүргізушілер көлікті басқару құқығынсыз жүргізгені, апаттық жағдай туғызғаны және көлікті заңсыз жабдықтағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

«Бұл шаралардың мемлекеттік туды пайдалануға қатысы жоқ», - деп атап өтті Боранова.

Сонымен қатар, оның айтуынша, Алматы қаласында полиция қызметкерлері шарлармен безендірілген қоғамдық көліктің жүргізушісі мен жолаушыларына олардың адам өмірі мен денсаулығына қауіпті екенін түсіндірді.

«Сондай-ақ көлікті заңсыз тоқтатуға байланысты деректер тексеріліп жатыр. Кінәлі полиция қызметкерлері қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Полиция мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарайды және азаматтарды жол қозғалысы ережесін сақтауға, тек ресми мәліметтер мен ақпарат көздеріне сенуге шақырады», - деп түйіндеді аға инспектор.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы