Полиция Шымкенттегі жанкүйерлер төбелесіне қатысты түсініктеме жасады
Полиция кеше Шымкенттегі футбол матчі алдында "Ордабасы" мен "Легия" жанкүйерлері арасындағы келеңсіз жайтқа қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Polisia.kz мәліметінше, жанкүйерлер арасында бұзақылық әрекеттерге жол берілмеген.
27 шілдеде Шымкенттегі Қажымұхан атындағы стадионда "Ордабасы" (Шымкент, Қазақстан) және "Легия" (Польша) командалары арасында футболдан жарыс өтті. Ойын басталар алдында сағат 20.30 шамасында командалардың жанкүйерлері арасында ауызша ерегіс болды. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз еткен полицейлер дер кезінде әрекет етті. Нәтижесінде жанжал болған жоқ. Бұзақылық әрекеттерге жол берілмеді, - делінген ведомство таратқан ақпаратта.
Айта кетейік, желіде Шымкентте өткен кешегі матч алдында "Ордабасы" мен поляк "Легиясы" жанкүйерлерінің жаппай қақтығысы болғандығы туралы бейнелер таралған. Белгілі болғандай, екі ел фанаттары сөзге келіп қалып, арты қақтығысқа ұласа жаздаған.