Алматыда полиция қызметкерлерін жарақаттаған күдіктілер ұсталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 9 сәуір күні Алматы қаласы Наурызбай ауданының полиция басқармасына өктемдік көрсету фактісі бойынша Т. Есімді азамат арызбен келген. Оның сөзінше, А. есімді азамат жалға алынған автокөліктің өтемақысын кешіктіргені үшін оған қарсы заңбұзушылық әрекеттер жасаған. Бұл туралы Алматы қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жәбірленушінің айтуынша, ол жалға алынған «Дэу Нексиа» автокөлігінің екі күндік төлемақысын кешіктірген. Жалға алынған машинаның орналасқан жерін анықтаған жалға беруші сыбайластарымен бірігіп Т. есімді жәбірленушіні Наурызбай ауданының территориясына апарып, соққыға жығып, оның қолындағы екі ұялы телефонын алып қойған. Арам пиғылдарын іске асырған азаматтар жәбірленушіге 14 мыңның орнына 40 мың теңге әкеп беруді талап еткен.
Бұл факт сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай реестірінде тіркелген.
Қаскөйлер жәбірленушіге ақшаны әкелетін орынды белгілеген. Ол жерге 4 адам келген. Аталмыш қылмысты жасады деген күдікпен тұтқынға алу әрекетінде қылмыскерлер қарсылық көрсетіп, полиция қызметкерлеріне пышақпен шабуыл жасап, жарақаттаған. Ауыр жарақат алған Наурызбай ауданы полиция басқармасы криминалдық бөлімінің қызметкері А.К. Мухиддинов пен полиция капитаны А.С. Қожаев шұғыл түрде ауруханаға жеткізіліп, оларға ота жасалды. Қазіргі кезде полиция қызметкерлерінің жағдайы тұрақты, өмірлеріне қауіп төніп тұрған жоқ.
Осы қылмысты ашу мақсатында, сондай-ақ күдіктілерді құрықтау мақсатында, қала бойынша «қолға түсіру» жоспары іске асырылды. Күдіктілерді ұстау үшін жеке құрам бағытталды. Соның нәтижесінде екі қылмыскер ұсталып, екі күдікті іздестіруде. Ұсталған азаматтар уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Алматы қаласы Полиция басқармасының тергеу басқармасы ҚР ҚК 380-1 бабына сәйкес, құқыққорғау органдары қызметкерлерінің өміріне қауіп төндіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.