Полиция қазақстандықтарды инвестициялық алаяқтықтың жаңа тәсілі туралы ескертті
Полиция азаматтарды әлеуметтік желілер, мессенджерлер мен түрлі интернет-платформаларда таралатын күмәнді инвестициялық ұсыныстардан сақ болуға шақырды.
Алаяқтар өздерін брокер, инвестициялық компания қызметкері немесе қаржы кеңесшісі ретінде таныстырады. Олар жоғары табыс, кепілдендірілген пайда және еш тәуекелсіз инвестиция ұсынады.
Алдымен алаяқтар аз мөлшерде ақша салуды ұсынады. Содан кейін жалған сайтта немесе қосымшада жәбірленушіге шотындағы қаражат көбейіп жатқандай көрсетіп, табысты арттыру, комиссия төлеу немесе шотты бұғаттан шығару деген сылтаумен тағы да ақша аударуға көндіреді.
Адам ақшасын шешіп алуға әрекет жасағанда, сайт жұмысын тоқтатуы, аккаунт бұғатталуы, ал «кеңесші» байланысқа шықпай қоюы мүмкін. Соның салдарынан жәбірленуші салған ақшасынан айырылады.
Полиция кепілдендірілген жоғары табыс туралы уәделерге және салған қаражатты қысқа уақытта бірнеше есе көбейту жөніндегі ұсыныстарға сенбеуге кеңес береді. Сондай-ақ қысыммен қаржылық шешім қабылдамау және бейтаныс адамдардың нұсқауымен ақша аудармау керек.
Құқық қорғау органдары банк картасының деректерін, CVV және SMS-кодтарды бөгде адамдарға бермеу, күмәнді сілтемелерге өтпеу және белгісіз қосымшаларды орнатпау қажеттігін еске салды.
Басты ереже – егер сізге еш тәуекелсіз жоғары табыс уәде етіп, ақшаны шұғыл аударуды талап етсе, асықпай, алдымен ақпаратты тексеру керек, – деп ескертті полиция.