Полиция үнемі ізденісте болу керек – Бауыржан Қуатов
Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қызмет бабымен қылмыскерді ұстаймын деп шүйдесінен оқ тиген Бауыржан Қуатов ауруханада басын көтере алмай төрт ай жатқан. Алайда, ерік-жігері мен рухы мықты полицей денсаулығы түзелген соң алты айдан кейін қызметіне қайтадан оралған.
Бүгінде полиция подполковнигі Бауыржан Қуатов Түркістан облысы Полиция департаменті Сарыағаш аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары қызметін абыроймен атқарып келеді.
Оқиға Шымкент қаласында 2015 жылы 14 наурызда кешкі сағат 20.00 шамасында болған. Бауыржан Қуатовтың айтуынша, бір ай бұрын Мангелдин көшесінен көлікті ұрлап, рұқсатсыз айдап әкеткен қылмыскердің қай жерде бой тасалап жүргені туралы бөлімнен хабар келіп түседі. Күдіктіні ұстау үшін Б.Қуатов жігіттер жетем дегенше өзім де бара берейін деп шешкендіктен қасындағы бір топ жедел уәкілдері Б.Жұбандықов, А.Ділдәбеков және Е.Сұлтанбаевпен бірге оқиға орнына келеді.
«Біз іздеп барған күдікті жекеменшік секторда тұратын достарының үйіне барған болса керек. Есікті тоқылдаттым, ашты. Мен қақпадан ішке кірген кезде үйден 4 адам шықты. Төртеудің ішінен іздестіріп жүрген қылмыскерді көрдім. Оған өзімнің қызметтік куәлігімді көрсеттім де, бізбен бірге бөлімшеге жүріңіз дедім. Ол аулаға қарай қашпақ болды. Қолынан ұстаған кезде қасындағы досы басымнан «ОСА» травматикалық тапаншамен атып жіберді», - деді өткен жылдардағы оқиғаны еске алған Бауыржан Қуатов.
Ол кезде полиция капитаны Бауыржан Қуатов Шымкент қаласындағы Абай аудандық қылмыстық іздестіру бөлімінің бастығы болатын. Айтуынша, қылмыскер мен оның қасындағы сыбайластары қаруларымен полиция қызметкерлеріне қарсыласып, бірнеше мәрте оқ атып, оқиға орнынан бой тасалаған. Ал өзін жедел жәрдем көлігін күтпестен қасындағы жолдастары қызметтік көлікпен ауруханаға жеткізген екен. Ақ халаттылар Бауыржан Қуатовтың басына екі мәрте ота жасаған.
Оқиға орнынан бір резиналық оқ, бір тапанша, әртүрлі калибрлі оқ-дәрілер және автокөлік құралының нөмірлері айғақ зат ретінде табылған. Полицияның өміріне қастандық жасамақ болған қылмыскер 14 жылға бас бостандығынан айрылса, көлік ұрлаған күдікті азамат алты жылға бас бостандығынан айрылды.
Өмір мен өлімнің арасы қас қағым сәт деген сөздерді әдетте әдеби кітаптардан оқып, фильмдерден көріп жатамыз. Әлгіндей өміріне қатер төнген жағдайдан кейін полицейдің өз қызметіне деген құлшынысы азайып, беті қайтып қалмады ма? Тәртіп сақшысының басына оқ тиген сәтте ол не ойлап үлгеруі мүмкін?
«Дәл сол сәтте ештеңе ойлаған жоқпын. Төрт ай аурухананың төсегінде басымды көтере алмай жатсам да, қайтадан осы жұмысымды жалғастырамын деп ойладым. Үйдегілер «құрысын, таста бұл жұмысты» деп те айнытты. Алайда мен өз шешімімнен қайтпадым. Қылмыскер атқан оқ бастағы орайдан төмен шүйдеге тиіпті. Оқтың әсерінен сүйек сынған, бірақ бастың ішіне кірмеген. Дәрігерлер ота жасаймыз деді. Мен қарсы болып едім, «сүйектің сынықтары бас сүйектің ішіне кіріп кеткен, тазаламасақ ертең шіриді» деп соны тазалады. Жалпы, полиция деген қызық жұмыс қой. Өміріңде ойламаған, жоспарламаған нәрселер болады. Қызығы мен қиындығы араласып жататындықтан шаршамайсың. Түрлі адамдармен танысу, қарым-қатынас, араласатын ортаң кеңейеді», - дейді полиция подполковнигі.
Бауыржан Батырханұлы полиция болумен қатар, бір мезетте банк қызметкері болуды да армандаған екен. Алайда, өмір оны ел қорғаны болатын жауапты салаға алып келді. 2003 жылы Оңтүстік Қазақстан Заң гуманитарлық университетінің заңгер мамандығын тәмамдаған. Еңбек жолын Шымкент қалалық Абай полиция бөлімінің анықтаушысы ретінде бастаған ол, тындырымды табандылығымен әріптестер арасында бірден көзге түседі. Жас маман осылайша бөлімнің жедел уәкілі қызметіне ауысады. Жедел із кесушілердің барлық қыр-сырын меңгерген Бауыржан Қуатов 2012 жылдан бастап Шымкент қалалық Абай аудандық полиция бөлімінің КПБ бастығының орынбасары болып тағайындалады. Ал 2014 жылдың тамызынан бұрынғы ОҚО ІІД Шымкент қалалық Абай аудандық полиция бөлімінің Криминалды полиция бөлімшесінің бастығы қызметін атқарады.
Қызмет бабымен талай қатерлермен бетпе бет келсе де, өз мамандығымды сүйемін дейді Б.Батырханұлы.
«Полиция болуды таңдағаныма өкінбеймін. Бір рет басымнан жараландым екен деп қарап отырмайсың, қажет болса қылмыскерді ұстауға тағы да барасың. Кейде тәртіп бұзушылар өзіңмен алысып кетеді, әртүрлі жағдайлар болады. Дегенмен, полиция ел қорғаны болып саналады. Көп адам полицияларды сөге жамандап жатады. Ал басына күн туса ең бірінші сол полицияға жүгіріп келеді. Ұялы телефоны ұрланса да, үйіне ұры түссе де, көршілермен араздасып қалса да біздің көмегімізге жүгінеді. Айтпағым, полиция да өздеріңіз сияқты адам», - дейді Б.Қуатов.
Бүгінде Бауыржан Батырханұлы үш қыз, 1 ұлдың әкесі. Бос уақытында спортпен айналысады. 15 жылға жуық тұрғындардың тыныштығын күзетіп келе жатқан полиция подполковнигі жалпы қылмыс жасауға, ұрлыққа тұрмыстық жоқшылық себепкер, ал кісі өлімі, педофил, төбелес шығарып, қоғамға, айналасына қауіп-қатер төндіретіндерді сана-сезімі төмен адамдар деп есептейді.
«Адамды қылмыс жасауға жоқшылық итермелейді. Бұзақылық, кісі өлімі көбіне ішімдік себеп болады. Ұрлық жасаған тұлғаны ұстасаңыз өзінің әрекетін ақша таба алмадым, қиналып кеттім деп түсіндіреді», - дейді ол.
Оның ойынша, өз құзіреті мен мамандығына дұрыстап қарамайтын полицейлер көп.
«Интернетке кірсеңіз, өзіңіз де көретін шығарсыз. Қызмет барысында азаматтардың қойған сұрағына дұрыс жауап бере алмай дөрекілік танытып жатады. Сондай кезде өзге әріптестеріңнің үшін ұялып кетесің. Сондықтан әрбір полиция өз білімін күшейту керек. Әрқашан ізденісте жүрсе ұтылмайды. Өйткені, полиция қызметкерінің мүмкіндігі көп», - дейді Сарыағаш аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары.