Полиция департаменті балалардың терезеден құлап кету қаупі туралы ескертеді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордалық полиция жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін кәмелетке толмаған балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударуды сұрайды.
Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы ПД баспасөз қызметі хабарлайды.
Елордада жыл басынан бері балалардың терезеден құлап кетуінің 24 фактісі тіркеліп, 3 бала қаза тапты.
Әдетте, құлап кетудің барлық жағдайларында балалар өздігінен терезе алдына шығып, тірек ретінде әртүрлі жиһаздарды пайдаланып, москит торына сүйеніп, онымен бірге терезеден құлап кеткен. Сонымен қатар, балалардың құлап кетуінің басым көпшілігі ересектердің балалардың мінез-құлқын бақыламауынан, терезелерді жабуды ұмытып кететін туыстары мен достарының салғырттығынан, терезелерде блокаторлардың болмауынан және балаларға терезе алдына өздігінен шығуға мүмкіндік беретін жиһаздардың дұрыс орналастырылмауынан орын алады.
Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті мұндай фактілердің алдын алу мақсатында белгілі бір ережелер мен ұсыныстарды сақтау керектігін ескертеді:
- пәтердегі терезелерді ашып, үй-жайды желдету кезінде, баланы қадағалап отырыңыз;
- баланың балконға ересектердің қарауынсыз шығуына жол бермеңіз;
- ұйықтап жатқан баланы ешқашан пәтерде жалғыз қалдырмаңыз, ол оянып, ашық терезеге шығып қарауы мүмкін;
- барлық жиһаздарды, соның ішінде төсектерді терезелерден алыстатыңыз, бұл баланың терезеге кездейсоқ шығып кетуіне жол бермейді;
балаға терезеден немесе балконнан көшеге қарау үшін аяғының астына орындық немесе басқа құрылғыны қоюды үйретпеңіз, кейінірек осылай әрекет ете отырып, ол тым еңкейіп терезеден құлап кетуі мүмкін;
- москит торлары үлкен қауіп төндіреді: бала алда қандай да бір тірегіш барын көреді де оған сенімді түрде сүйенеді, нәтижесінде ол тіпті ең кішкентай бір жасар баланың салмағына арналмаған тормен бірге құлап кетуі мүмкін.