Полиция алматылық блогер Назар Ролланға не үшін іздеу салынғанын түсіндірді
Алматы полициясы блогер Назар Ролланның іздеуге жариялануына қатысты түсініктеме берді. Белгілі болғандай, оған бұзақылық дерегі бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында іздеу жарияланған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
14 қазанда Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталында Назар Ролланның іздеуде жүргені туралы ақпарат пайда болды. Іздестіру бастамашысы ретінде Алматы қаласы Алмалы аудандық полиция басқармасы көрсетілген. Алайда сол кезде блогердің қандай себеппен іздестіріліп жатқаны белгісіз болған еді.
Осыған байланысты Алматы полициясынан мән-жайды сұрадық.
Полицияның мәліметінше, қазіргі уақытта бұзақылық дерегі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Осы іс аясында блогер Назар Роллан. күдікті деп танылған.
Оған бұған дейін елден кетпеу және тиісті мінез-құлық сақтау туралы қолхат түрінде бұлтартпау шарасы қолданылған. Алайда сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына келмеуіне және тергеу әрекеттеріне қатысуын қамтамасыз ету қажеттілігіне байланысты оған іздеу жарияланды, – деп хабарлады полиция.
Қазір оның жүрген жерін анықтау үшін тиісті жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Айта кетейік, Назар Ролланның Instagram желісіндегі парақшасына 486 мың адам жазылған.