Полиция 24 келіден астам есірткі тасымалдаған тұрғынды ұстады

Жамбыл облысында полицейлер 24 келіден астам есірткі тасымалдаған Тараз тұрғынын ұстады, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Жамбыл облысының полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері “Қарасора – 2024” профилактикалық іс-шарасын өткізу барысында Меркі ауданының құмды аумағында жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізу кезінде KIA автокөлігін тоқтатты. 

28 жастағы жүргізушінің басқаруындағы автокөлік құмды аймақтан Тараз қаласына қарай бара жатқан. Көліктің ішінде облыс орталығының тұрғындары – 24, 26 және 28 жастағы үш жолаушы болған. Автокөлікті тексеру кезінде көліктің жүк салатын бөлігінде жалпы салмағы 24 келі 160 грамм кептірілмеген марихуана есірткі заты салынған 4 полипропилен қапшық тәркіленді.

Қазіргі уақытта есірткі құралдарын аса ірі мөлшерде заңсыз сақтағаны үшін сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Ұсталғандар өз кінәларын мойындады, Меркі ауданы полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды, – деді Жамбыл облысы ПД ЕҚҚІБ бастығы Әлім Бажықбаев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: polisia.kz
Өзгелердің жаңалығы