Полицейлер жыл басынан бері 5,5 тонна есірткі тәркіледі
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жыл басынан бері Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерімен 387 дерек тіркелді. Оның ішінде есірткі контрабандасы-50, есірткі сату-55 және т.б. жайттар.
Мәселен облыс полицейлері таяуда ғана синтетикалық есірткі сақтаған бойжеткенді ұстады. Яғни сақшылар жедел іс-шаралардың нәтижесінде, Сайрам ауданы көшелерінің бірінде «Ауди» маркалы автокөлікті тоқтатып, жолаушысын тексеру барысында күдікке ілінген бойжеткенді ұстады. Оны тексеру барысында қолындағы сөмкесінен есірткі затының 6 орамы табылып, сараптама тағайындалды. Сараптама қорытындысына сәйкес, алынған есірткінің жалпы салмағы 6 грамға жуық «синтетикалық есірткі» болып шықты. Аталған дерек ҚК 296-бабы «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» қылмыстық құқық бұзушылығы бойынша тіркелді. Қазіргі уақытта есірткіні заңсыз сақтау дерегі бойынша бойжеткен қыз қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Сонымен қатар облыс сақшылары үй, аялдамалар мен ғимараттардың қабырғаларына «QR» адресін көрсете отырып трафарет граффити жазбаларын жазу арқылы есірткі заттарын жарнамалау, насихаттау бойынша 2 деректі анықтап, 2 тұлға құрықталды. Ғаламтор желісінде есірткіні насихаттайтын құқыққа қарсы контентті анықтау және мониторингілеу кезінде анықталған 120 «наркосайтқа» шектеу қойылды.
Бұдан бөлек Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Түркістан қалалық полиция басқармасының УПИ қызметкерлері және «Жас Отан» партиясының жастарымен, еріктілермен бірге Түркістан қаласының саябақтарына, аялдамаларға, мектептер мен ауруханаларға және т.б. қоғамдық орындарға «Есірткіге жол жоқ» және «Балаларыңызды есірткіден қорғаңыз» тақырыбында түсіндірме құралы ретінде дайындалған плакат жапсырмалары қабырғалар мен хабарландырулар тақтайшаларға жабыстырылды, - делінген ақпаратта.
Мәселен таяуда ғана жастарды есірткіден сақтандыру мақсатында 600-ге жуық есірткі жапсырмасы қаладағы адамдар көп шоғырланған орындарға, тақтайшаларға жапсырылды. Есірткі және нашақорлыққа қарсы барлығы 35 000-ға жуық оқушы мен студент жастар қатысқан 92 профилактикалық іс-шара онлайн және карантин режимін сақтай отырып офлайн өткізілді. Есірткі бойынша әлеуметтік желідегі департамент парақшаларында 4 брифинг өткізілді.
Қазіргі таңда есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес және нашақорлықтың алдын алу жұмыстары ҚР ІІМ-нің және облыс әкімшілігі жанынан құрылған ведомствоаралық штабтың тапсырмаларында көзделген талаптарға сәйкес жүргізілуде.